Қазір көп мәселе Ресей халқының өз билігіне деген көзқарасына тікелей байланысты

Қазақстан ҰҚШҰ шеңберінде соғысқа араласуы мүмкін бе деген сауал қазір көптің көкейінде жүргені, рас. 

Қазір көп мәселе Ресей халқының өз билігіне деген көзқарасына тікелей байланысты

Біз қазір мынаны ескеруіміз керек: біріншіден, бір жаққа шығатындай позицияда емеспіз. Әскеріміздің де қауқары белгілі. Сонымен қатар дипломатия тілінде біздің алға тартатын аргументтеріміз әлі көп.

Екіншіден, бұл соғыс Қытайдың позициясын ерекше күшейтті. Қытай басшысы Си Циньпин өткенде Астанаға келгенде айтқан аргументі түрлі жағдайда да ахуалды қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан қазіргі жағдайда ҰҚШҰ күштері негізінде Шығыс Еуропадағы қақтығыстарға қатысатындай негізіміз жоқ.

Құжаттарда талай дүние жазылады ғой. Қазақстан ұрысқа араласпайтынын бірнеше рет айтты. Ешкім міндеттей алмайды. Оның үстіне  ҰҚШҰ деген шалажансар ұйым. Сондықтан оны пайдаланып, бізді қақтығысқа қатыстыра қояды деу – қиын. Бірақ қақтығыстарға Қазақстан аумағында орналасқан Ресей әскери базаларынан ұшырылған стратегиялық мақсаттағы алыс қашықтықтағы зымырандар болса, қатыстыруы мүмкін.

Меніңше, Ресей талап қойса да, Қазақстан да, Қырғызстан да одан жалтарады. Өйткені ұйым құрамындағы мүше мемлекеттер арасында шешілмеген мәселе көп. Сол себепті меніңше, ол ұйымнан Ресей үшін қайыр жоқ. ҰҚШҰ жарғысына қарағанда БҰҰ қарарлары әлдеқайда ықпалды.

Қазір орыс халқының билігіне деген көзқарасы, жалпы әлемге көзқарасының қалай қалыптасатынына көп нәрсе байланысты. Бірақ ресурстары көп мемлекет ретінде Ресей түрлі амалмен өздеріне жақтас, санкцияларды айналып өтуге қолдау білдіретін саяси күштерді тауып алуға мүмкіндігі бар мемлекет. Солтүстік Кореяға қарағанда! Дональд Трамптың өзінің позициясы кәдімгідей ресейшіл. АҚШ-тағы республикашылардың арасында ресейшіл позицияны ұстанатындар баршылық. Сондықтан біз қазіргі ақпараттық кеңістікте айтылып жүргендей күллі Батыс санкцияларды қолдап отыр екен деген көзқарас қалыптаспауы керек. Бұл саяси режимнің де жақтастары да, қолдаушылары да белгілі бір дәрежеде әрекет етеді. Қалай болғанда да ешкім болжап білмейтін жағдай туындап тұр.

Ендігі мәселе қауіп қандай болады дегенге тіреліп  тұр. Нақты қандай қауіп болады? Мысалы, масс-медиа Ресей ядролық қаруды қолданады деп қауіптенеді. Өйткені Илон Масктың өзі де "ядролық соғыстың есігінде тұрмыз" дегендей жазып жатыр. Менің күмәнім мынау: Ресей ядролық қару қолданса, Батыстың бірқатар мемлекеті жауап ретінде ядролық қару қолдана ма, жоқ па? Мәселе сонда. Ядролық қаруды тәуекел деп бір рет қолданғаннан кейін,  ядролық қарудың контрабандасы кетпей ме, мысалы? Террористердің қолында кетсе не болады? Қауіптің үлкені – осы. Ресейге жауап соққы жасалып, билігі бақылаудан айырылса, оқтұмсықтарды жемқор әскерилер Иранға, Солтүстік Кореяға сату деген сияқты мәселелермен айналысып кетуі де мүмкін ғой. Дүрмекті пайдаланып. Ондай жағдайда халықаралық шарттар адыра қалып, Украинаның өзі де ядролық қаруларды жасай бастауы мүмкін. Ондай жағдайда Украинаға қысым жасаушылардың табылуы ғажап емес. Әлбетте, бәрін болжау қиын. Бірақ мен осындай ситуациялар туындап кете ме, деп қауіптенемін Ал соғыстың қалай да ұзаққа созылатыны белгілі болып отыр.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу