#Қазмұнай 3 Бөлім: Петролеус Де ҚазМұнайГазос

ҚМГ көптеген көрсеткіштер бойынша әлемдік компаниялардан, басқа да ұлттық компаниялардан артта қалып отыр. Неліктен? 

#Қазмұнай 3 Бөлім: Петролеус Де ҚазМұнайГазос

"ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясының алдында қандай міндеттер тұр? Оның дамуын не тежеуде? Алған бағыты қандай? 

ҚМГ алдында тұрған мәселелер туралы айтып өтсем. Біраз уақыт бойы мен компанияның талдау құрылымдарында, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы сервистік компанияларында жұмыс істедім. Компания басшылығын құрметтеймін.

Дегенмен қазір Ұлттық компания күрмеуі қиын бірнеше түйткілге тап болуда. Олардың қалай шешілетіні мұнай компаниясының ғана емес, ел экономикасының дамуына да тікелей әсер етеді. Бұл мақаланың мақсаты -қазақстандық мұнай-газ өнеркәсібі туралы материалдар циклі шеңберінде негізгі мәселелерді анықтау.

1. Тарихқа көз жүгіртсек

PDVSA деген не? Бұл Венесуэланың Petroleos De Venezuela Sociedad Anonima деп аталатын мемлекеттік мұнай-газ компаниясы. Компания 1975 жылы құрылған. Билікке Уго Чавес келіп, мұнай саласын мемлекет меншігіне айналдыру процесі жүргізіле басталған уақытта (2000 жылдары) компания қарыштап дамыды. Бірақ бұл ұзаққа созылмады. Компанияны мемлекеттік меншікке айналдырылғаны үшін батыстық мұнай алпауыттарымен соттасу, санкциялар, шикізат өндірісінің төмендеуі – барлығы корпорацияны етектен алды. Оның үстіне мұнай бағасының арзандауы да компанияға кері әсерін тигізді. Қазір оның жағдайы мүлдем көңіл көншітіп отырған жоқ: халықаралық несие бойынша дефолт жарияланып, мұнай өндірісі жыл өткен сайын құлдырап барады. Бұл ретте мына нәрсені айтып өту керек: Венесуэла "қара алтын" қоры бойынша әлемде бірінші орында. Тіпті Сауд Арабиясыныкінен де көп.

Бір кездері ұлттық экономиканың тіреуі болған алпауыт енді өзі көмекке мұқтаж болып қалды. Ол аздай бірнеше дағдарысты бастан кешірді. Мысалы, қызметкерлердің жартысының жұмыстан босатылуын, компания басшылығына президенттің сенімді өкілінің тағайындалуы және бұрынғы топ-менеджерлерге қатысты қылмыстық істердің жүргізілуін атап өтуге болады.

Мұндай алып компанияның құлдырауы тарихта болған бірінші жағдай емес. Әр мемлекеттік компания осылай дағдарысқа ұшырайды. Бірақ біздегі отандық компанияның мұндайға душар болғанын қаламаймын.

Алайда мәселе венесуэлалық мұнай экспортының төмендеуіне әкеліп соққан мемлекеттік компанияның мұнай саласындағы саясатының қатаңдатылуында емес. Мәселе мынада: кез келген компания "қара алтын" құны арзандауының зардабын шегеді. Мұндай уақытта компания стратегиясының дұрыстығы деген сияқты нәрсе маңызын жоғалтады.

Қазір "Қазмұнайгаздың" қазақстандық мұнай өндірісіндегі үлесі небәрі 26%, ал табиғи және ілеспе газдағы үлесі - 15%. Жасырын немесе ашық түрде мемлекет меншігіне айналдыру арқылы компания үлесін арттыруға бола ма? Бұған нақты жауап табу қиын. Бірақ бір әрекет қолдану керек. Парсы шығанағындағы мұнай өндіруші елдердегі мемлекеттік компаниялар ұлттық мұнай өндірісінің 70-90%-ын бақылайды.

Қазір Венесуэла күніне 1 млн баррель мұнай өндіреді. Бұл 2000 жылдардағы көрсеткіштен 3 есе аз.

Бір кездері компанияны топ-менеджерлер емес, елдің энергетика министрлігі басқарды.

Құрылғанына 45 жыл толған бұл компания қазір дефолт жағдайында. Ал 18 жыл бұрын негізі қаланған "Қазмұнайгаздың" қазіргі жағдайы оған қарағанда тәуірлеу.

2. ҚМГ тиімді ме?

Жақында месенджерлерде мұнай компанияларының бір қызметкер бойынша жарияланған таза табысының графикасын көрген шығарсыздар? "Қазмұнайгаз" бұл рейтингте соңғы орында – бір қызметкерге жылына $21,8 мың. Ресейлік "Роснефть" компаниясында - $25,8 мың, "Лукойлда" - $ 86,9 мың, америкалық ExxonMobil алпауытында – $294 мың, ал саудиялық Saudi Aramco компаниясында - $1,5 млн.

Әрине, бұл көрсеткіштер саудиялық компанияның қызметкері қазақстандық компания қызметкерінен 72 есе тиімдірек жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Негізі, мұндай "бенчмарктарды" даму моделі, кен орындарының ахуалы мен салықтық жүктемені ескере отырып өткізу керек. "Қазмұнайгаздың" мұндай ақпаратқа қатысты ресми түрде мәлімдеме жасаумауы қызық. Әсіресе IPO қарсаңында. Жарайды, бірақ әңгіме онда емес.

ҚМГ көптеген көрсеткіштер бойынша әлемдік компаниялардан, басқа да ұлттық компаниялардан артта қалып отыр. Неліктен?

Өйткені Ұлттық компанияға ел экономикасын өркендету жолында үлкен күш түсуде. Оның ЖЖМ ішкі нарығын субсидиялау бойынша түгел алынбаған табысы жылына шамамен 1 млрд долларды құрайды. Мен бұл туралы 2016 сараптамалық бағдарлама түсірген едім. 

Мен ішкі нарықтағы сауда мен экспорттық бағыттағы нетбэк бойынша бағалар мен көрсеткіштерді салыстырдым. Жалпы, біздің ішкі нарықты жыл сайын мұнай компаниялары 2 млрд долларға субсидиялайды. Бұның жартысын ҚМГ субсидиялаған. Қазір бұл көрсеткіш біршама артты.

Сондықтан "Неліктен ҚМГ тиімсіз" деген сұрақпен қатар "ҚМГ тиімді компания болу үшін біз төлеуге дайынбыз ба" деген сауалды да қою керек.

Ия, расымен де, салыстырулар ҚМГ-ның пайдасына шешілмейтіні рас. Бірақ өңделген кен орындары Ұлттық компанияның еншісінде.

3. KMG EP-Catering – қазіргі уақыттың айнасы?

Қазан айының соңында Жемқорлыққа қарсы қызмет "KMG EP-Catering" ЖШС-нің бас директоры мен сатып алу бөлімінің бастығына қатысты жеке кәсіпкерден 3 млн теңге көлемінде пара алу ісі бойынша тергеу бастады. Бұл "ҚазМунайГаз" АҚ-ның еншілес компаниясы. Қоғамның мұндай жаңалықтарға қатысты пікірі қандай екенін білесіздер. Бұл өте компания ішіндегі мәселелердің бар екенін көрсетеді.

Біріншіден, кейтеринг және клинингпен айналысатын еншілес компания не үшін керек? Компания сайтында KMG EP-Catering-тің 2001 жылы құрылғаны, онда 1000 адам қызмет ететіні жарияланған. Мен сайттан 2017-2019 жылдардың жылдық сатып алу жоспарын көрмедім, тек 2016 жылдыкі ғана бар. Жалпы сатып алу қаражатының мөлшері – 3,4 млрд теңге. Осы ретте "ҚазМұнайГазда" қанша еншілес компания бар" деген сұрақ туады. Мен 3 жылдық есебін қарап шықтым, бірақ сұрағыма жауап таба алмадым.

Екіншіден, бейінді емес салада еншілес компанияның нені шешуге септігі тиеді? Бір "көзден" сатып алу мүмкіндігі. Ұлттық әл-ауқат қоры холдингтің сатып алуы аясында бір "көз" туралы пункті алып тастауы тиіс. Нарықтағылар бұл бастаманы қолдар еді.

Үшіншіден, сатып алу моделі шала екенін мойындау керек. Егер ҚМГ бұл қызметтерді "жекелерден" сатып алса, бұл тамақ сапасына әсер етер еді. Бірнеше мың қызметкерді дұрыс тамақтандырмай көріңіз, арты ереуілге ұласып кетуі мүмкін.

Қоғамда ұлттық компаниялар мен холдингтердің қызметін тексерту керек деген ой бар. Өйткені мемлекеттік органдардың бірқатар қызметкерлері мен басшыларын қаражат жымқырғаны үшін ұстап жатады, ал мемлекеттік компанияларда ұрланатын қаражат көлемі одан да көп.

4. ҚМГ қай бағытта дамиды?

Ұлттық компания 2002 жылы құрылды, яғни келесі жылдың ақпан айында ҚМГ 18 жасқа толады. Егер бастапқы және қазіргі көрсеткіштерді салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Соңғы 3 жылда АВС1 қоры 2018 жылдың соңында 667 млн тоннадан 626 млн тоннаға дейін қысқарды, газ конденсаты мен табиғи газ қоры да азайды.

3 жыл ішінде мұнай өндіру 4,9% - ға, яғни 22,6 млн тоннадан 23,6 млн тоннаға дейін өсті, яғни орташа жылдық өсім 1%.

Өндірістік көрсеткіштер көңіл көншітпейді.Сондай-ақ құрлықта немесе теңізде жаңа ірі кен орындарының табылмауы фактілерін атап өту керек. Компанияға өсу керек. 2016 жылдан бері мұнай, газ конденсаты және газ қоры мұнай эквивалентінің 8,3 млрд баррелінен 7,8 млрд-қа қысқарды.

18 жыл ішінде мұнай-газ-химия кешені пайда болған жоқ. Ол енді салынып жатыр. Дегенмен 2009 жылы Н. Назарбаев осыған қатысты тапсырма берген болатын.

Осы уақыт ішінде Әзірбайжанда, Өзбекстанда ірі мұнай-химия кешендері ашылды,  "Татнефть" және "Башнефть" өз кешендерінде көптеген өнім шығарады.

Естеріңізге сала кетейін, 2015 жылдың тамыз айында біздің Ұлттық Банк "Самұрық-Қазынадан" 10% + 1 ҚМГ-ның акциясын сатып алған болатын.ҰӘҚ Басқарма мүшесі Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, бұл шешім "Қазмұнайгаздың" қаржылық тұрақтылығын түзету мақсатында қабылданған. Сол кезде бұл әрекет күтпеген жағдай болды. Ұлттық экономиканың тірегі саналатын компанияға қаржылық көмек керек деп ешкім ойламады. Ол уақытта компанияның жалпы қарызы 18 млрд доллар болды.

Бір апта бұрын ҰӘҚ төрағасы Ахметжан Есімов сарқылған ескі кен орындары бойынша салық преференцияларын ұсына отырып, Ресей Федерациясындағы сияқты шешімдерді қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұл бастамаларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырауда өткен кеңес қолдау білдірген еді.

Айта кетейін, Ұлттық компания елдегі ірі салық төлеушілердің бірі саналады. Ол шетелдік компаниялармен салыстырғанда, салықты көбірек төлейді.

5. Тақтар таласы

Біздің ұлттық компаниялардағы кадрлық өзгерістер "Тақтар ойыны" тәріздес. Мұны Ұлттық компания басшыларын тағайындау жүйесінің ашық еместігімен түсіндіруге болады. Қызметкердің отставкаға кетуі немесе тағайындалуына не түрткі болады? Бұл өте құпия нәрсе. Менің ойымша, бұл реформа жүргізуге, жаңа шешімдер қабылдауға кедергі келтіріп, компанияға кері әсерін тигізеді.

Неге Ұлттық компанияларда былай істемеске? Мысалы, компанияға жаңа басшы тағайындалды делік. Сол бойда бүкіл топ-менеджмент міндетін уақытша атқарушы мәртебесіне ауысуы керек. Кейін қызметіне кіріскен басшы өз командасын жасақтауға тиіс. Бұл компанияның дамуына зор үлесін қосар еді.17 жылда ҚМГ-да басшылық 8 рет ауысқан. 

6. Ұлттық компаниядағы жалақы қандай?

Ұлттық компанияда қанша мораторий бар екенін білесіз бе? Жаңа қызметкерлерді қабылдау мен жұмыстан шығаруға қатысты мораторий және еңбекақыны көтеруге байланысты мораторийлер бар. "KMG EP-Catering" ЖШС бас директорының жалақысы шамамен 1 млн болды деп ойлаймын. Бұл көп пе әлде аз ба? Егер оның отбасы болса, әрине, бұл көп емес. Қол астында 1000 қызметкер жұмыс істеп, 4 млрд теңге болатын жылдық сатып алуға жауап беретін адам үшін өте аз.

Мысалы, ҚМГ-ның еншілес компаниясы басшысының жалақысы 1,2-1,5 млн теңге. Ал шетелдік компанияда жұмыс істейтін қарапайым инженердің еңбекақысы осындай. Яғни біздегі Ұлттық компания басшыларының еңбекақысы шетелдік компаниялардағы топ-менеджерлердікінен он есе аз. Әрине, мұның арты жемқорлыққа әкеліп соғып,сонымен қатар қызметкерлердің жұмыстан кетуіне түрткі болады. "ҚазМұнайГаз" мұндай жағдайда қалай дами алады? Менің ойымша, еңбекақы жүйесін қайта қарастыру керек сияқты.

7.  Экспансия жүзеге аспады

Мұнай бағасы өскен жылдары  "ҚазМұнайГаз" шетелдерде жаңа жобалар аша бастады. Бұл ретте "ҚазТрансГаз-Тбилиси" (шамамен $130 млн құйылды, нәтижесінде қаншасы қайтарылғанын білмеймін), Солтүстік теңіздегі White Bear деп аталатын барлау активі және консорциум құрамында Ирак кен орнына шығу жоспары және Шығыс Еуропадағы қайта өңдеу активтерін сатып алуды атап өтуге болады.

Қазір ҚМГ шетелдік жобалардан шығуға тырысып жатыр. Сонда бұған дейінгі мақсат қандай болды? Бәлкім, қазір өткен жылдар тәжірибесі мен құйылған инвестицияларды ескере отырып, басты назар ел ішіндегі жобаларда болу керектігін түсінген шығар. Әлде жоқ па?ҚМГ-ны шетелдік жобалардан көру – әр қазақстандықтың арманы емес пе?

Бірақ түптен келгенде, бәрі тек мамандардың кәсібилігі мен техникалық мүмкіндіктеріне ғана емес, қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан шетелге шығу жағы болашақтың еншісінде.

8. Сатып алулармен не істеу керек?

Үш жыл ішінде ҚМГ-ның тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі 6,8 трлн теңгеден асты. Көптеген бастамалар енгізілді, бірақ сонда да көп іс жүзеге аспай қалды.

Қаржыны үнемдеу бойынша мәлімет бар, бірақ нақты есеп жоқ. Ал компания қазіргі сатып алу жүйесінің кері әсерін қалай бағалайды?

Менің пікірімше, шығыстарды қатаң бақылау қажет емес. Ұлттық әл-ауқат қоры әлемдік тәжірибелерге ұмтылады. Ал әлемдік тәжірибе бойынша, шығыстарды бақылаудың керегі жоқ. Басты көрсеткіштер – таза табыс пен актив бағасының өсімі. Қазіргі сатып алу ережелерінде көптеген кемшіліктер бар және олар ҚМГ-ның дамуына кедергі келтіреді деп айтуға болады. Осы орайда бір шара қолдану керек.

Ұлттық компанияда мұндай ішкі талдау жасалды ма, білмеймін. Бірақ соңғы жылдары жалпы тауарлық-материалдық қор өсті. Сонымен қатар жұмыс уақытының көрсеткіші де көтерілді. 

9. Тотем

"ҚазМұнайГазды" қандай аңға теңеуге болады? Барыс деп айтсам, қателеспейтін шығармын. Ол гепард (жеңіл мұнай өндіретін елдер) сияқты тез жүгіре алмайды, арыстан мен жолбарыспен күш сынаса алмайды (саяси ықпалы зор батыстық корпорациялар), көптеген жыртқыштардан әлсіздеу, бірақ ол күн көру жағынан олардан әлдеқайда мықты.

Тек барыс қана биік қарлы тауда қорегін тауып, күнін көре алады. Мұндай жерлерді біздегі кен орындарымен салыстыруға болады. ҚМГ әзірге теңіз кен орындарында жұмыс істеуге дайын емес. Мүмкін, оларды мамандандырылған компанияларға тапсыру керек шығар. ҚР-да қандай да бір құрлықтық кен орындары ашылмайды. Сондықтан басты назарда өндірілген және өндірілетін қорлар болу керек. Әлемде жеңіл мұнай қоры бітті. Әуеліден бері "ҚазМұнайГаз" осындай кен орындарымен жұмыс істеп келеді, сондықтан бұл компанияның басты артықшылығына айналуға тиіс.

Аударған Табиғат Нұрболат

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін