#Қазмұнай, 7 бөлім: Бензин бағасы негізсіз. ЖМҚС нарығына ірі шетелдік ойыншы кіре ме?

Таңқаларлығы, бизнестің ең тиімді (қоғам мүшелерінің пікірі бойынша) түрлерінің бірі қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Мен бұл туралы қайдан білемін?  

#Қазмұнай, 7 бөлім: Бензин бағасы негізсіз. ЖМҚС нарығына ірі шетелдік ойыншы кіре ме?

Маған жанармай құю станциясын сыйлады. Маған, дұрысы менің 5 жасар ұлыма, ойыншық жанармай құю станциясын сыйлады. Ойыншықты қаптамасынан шығарып жатқанда менің басымнан  шағын флэшбек өтті. Бірнеше жыл бұрын  жолдастарыммен жанар-жағармай құю бекетін салуды жоспарладық. Кейін менің болжамды есептеулерімнен соң ойымыздан айнып қалдық. Неге? Бұл – тиімсіз! 
Осы жылдарда не өзгерді? Жанар-жағармай ашық биржада сатыла бастады. 
Ірі ЖМҚС желілерінің бірі франшиза жүйесі бойынша шағын және жаңа жанармай құю бекеттеріне ынтымақтастық ұсынды. 2021 жылы ЖЖМ бағасы өсті, бірақ "Байдильдинов. Мұнай" авторлық бағдарламасының қонақтары 1 литр отынның таза маржасы 1-2 теңгеге төмен екенін айтып жүр. 
Менің #Қазмұнай, 6 - бөлім: Қазақстан бензині жайлы топ-6 аңыз деген мақаламды 55 мыңнан астам адам оқыды. Бұл маған осы сараптамалық материалдың есебі мен қорытындысын жасауға үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз жағдайға макроэкономикалық дерек, нарық ойыншыларының шынайылығы және сіз бен біздің тұтынушы ретіндегі көзқарасымызбен қарауға тырысамыз. 

1. Қазақстан жанар-жағармайға деген қажеттілігін өтеп отыр ма?

2020 жылы мұнай өңдеу көлемі белгілі себеппен 2019 жылмен салыстырғанда төмендеп, 15,8 млн тоннаны құрады. Мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,5 млн тонна болды. Бұл үкімет отырысында жарияланған ресми дерек. Барлық маркасы бойынша 4,48 млн тонна – бензин, 438 мың тонна - авиакеросин, 4,55 млн тонна – дизель отыны, 2,1 млн тонна – мазут, 1 млн тоннадан астам – битум өндірілді. Авиакеросин өндірісі 30%-ға төмендеді.

Еліміздің 3 ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталғаннан кейін біз ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етіп, мұнай өңдеу зауыттарын қазақстандық мұнаймен толтырып отырмыз. Бұған дейін басқаша еді: біздің мұнай өңдеу зауыттарымыздың шамамен 50%-ы Ресейден жеткізілетін мұнайға тәуелді болды, ал жоғары октанды бензиннің шамамен 40%-ы Ресей Федерациясынан тасымалданды. 

Мұның салдары қандай болғаны жұрттың есінде деп ойлаймын. Ресейде баға шарықтаған кезде біз елдегі бағаның экономикалық тартымсыздығына байланысты бензин мен дизель отынының тапшылығына тап болдық. 

Айта кетейік, Ресейде ЖЖМ бағасының өсуі жалғасып жатыр. Жыл басынан бері жанар-жағармай бағасы 6%-ға қымбаттады. Қазір мұнда 
А92 маркалы бензиннің орташа бағасы 46 рубльден асады. Бұл қазіргі бағам бойынша шамамен 270 теңге. Ресей Федерациясының кейбір өңірлерінде бензин бағасы біздің ақшамен есептегенде 300 теңгеден асты.

Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды аяқтау және оларды шикі мұнай ағынымен қамту уақыт ұтуға мүмкіндік берді. Алайда нарық  алдағы ахуалға ықпал етуін жалғастыра береді. Сонымен біз өзімізді отынмен толық қамтамасыз еттік. 2020 жылы бензин экспортының көлемі 500 мың тоннаға ал дизель отынының экспорты 180 мың тоннаға жуықтады. 

Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаттылығы жылына 17,5 млн тонна болса және өңірлерде салынып жатқан шағын мұнай өңдеу зауыттары мінсіз жұмыс істесе алдағы 2-3 жылда бізге отын тапшылығы төнбейді. Ең бастысы мұнай болсын! 

2. Еліміздегі жанар-жағармай нарығының құны қанша?

Ranking.kz ресми дерекке сілтеме жасай отырып, қызық сараптама әзірледі. 
АЖС, АГҚС (автогаз толтыру) және АГТКС-ның (автогаз толтыру компрессорлық станциялары) мұнай өнімдерін бөлшек саудада сату көлемі 2020 жылы 1,5% -ға немесе 1,13 трлн теңгеге дейін төмендеді. Оның ішінде бензин - 704,1 млрд, (3,9 млн тонна), дизель отыны - 347,5 млрд, (1,7 млн тонна), сұйытылған газ - 72,9 млрд, (799,9 мың тонна), сығылған табиғи газ - 55,5 млн (891 мың текше метр) теңгені құрады. 
Біз еліміздегі мұнай өнімдері мен сұйытылған газдың бөлшек саудасының жылдық көлемі - 1,13 трлн теңге екенін анықтадық. Бұл ретте назарға Қазақстанда тіркелген 4 млн бірлік жеңіл автокөлікті ғана алсақ және 1,13 трлн-ды 4 млн автокөлік пен 12 айға бөлсек, айына 23,5 мың теңге шығады. 

Бұл ақылға қонымды сан. Орта есеппен алғанда автокөлік иесі жанар-жағармайға бір айда осындай ақша жұмсайды. 

3. Нарық географиясы 

Бұл да қызықты тақырып. Сондықтан жеке зерттеуге лайық. Мысалы, 2020 жылы жанар-жағармайдың бөлшек саудасымен белсенді түрде Алматы облысы (130 млрд теңге), Алматы қаласы (110 млрд теңге) және Қарағанды облысы (106 млрд теңге) айналысты. 

Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында тұтыну 103 млрд теңгені құрады. Ал басқа өңірлерде мынадай көрініс қалыптасты. 

Мысалы, менің туған жерім Батыс Қазақстан облысы жылына 57 млрд теңгенің жанар-жағармайын тұтынады. Ақтөбеліктер жанар-жағармайға шамамен 64 млрд теңге жұмсайды. Бұл қалай? Ақтөбе аумағы жағынан да, 1 млн-ға жуықтаған халық саны жағынан да, өнеркәсіп пен құрылыс саласындағы көрсеткішінен де, жалпы әл-ауқат тұрғысынан да Батыс Қазақстан облысынан көш ілгері. Бірақ көрсеткіштер шамалас. 
БҚО-да 214 ЖМҚС/АГҚС, Ақтөбе облысында 307 ЖМҚС/АГҚС бар. Атырау облысы 48 млрд, Маңғыстау облысы 30 млрд жұмсайды. БҚО-мен салыстырғанда айырмашылық бар. Жоғарыдағы ұқсастықты ішінара сұйытылған газды көп тұтынумен түсіндіруге болады. Бірақ қалай болғанда да сандар бұлай ерекшеленбеуі керек. 
Тағы бір қызықты арифметика: 820 мыңға жуық адам тұратын Қызылорда облысында 358 ЖМҚС/АГҚС орналасқан. Олар 2020 жылы 35 млрд теңгеге жанар-жағармай сатты. 1,1 млн-ға жуық тұрғыны бар Жамбыл облысында 411 ЖМҚС бар. Мұндағы сату көлемі 61 млрд теңге. Халық саны 13% -ға көп, ал жанар-жағармай тұтыну көлемі 74% -ға жоғары. Ал Павлодар облысының 750 мың тұрғыны бар. Бұл жерде бөлшек сауда 48 млрд теңгені құрайды. 

Нақты зерттеу біздің жанар-жағармайдың өзге елдерге ағылып жатқанын анықтайды деп ойлаймын. Әйтпесе БҚО-ның 662 мың тұрғыны жанар-жағармайды өздерімен салыстырғанда халқы әлдеқайда көп Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының тұрғындарынан көп немесе 1,1 млн халқы бар Жамбыл облысымен бірдей деңгейде тұтына ма?

Бұл бөлек мақаланың тақырыбы. 
Қазақстанда шектес елдермен салыстырғанда (Global Petrol Prices дерегі бойынша 16 тамызда РФ-да А95 орта есеппен - 290, Қырғызстанда - 291, Өзбекстанда - 316, Қытайда - 498 теңге тұрды) жанар-жағармай арзан бағамен сатылады. 

4. Бензин бағасының өсуінен кім ұтты? 

Жанар-жағармайдың қымбаттауы халықты қобалжытты. Дегенмен дүрбелеңнен кейін бағаның өсуінен кім ұтты деген сұрақ қалды. Жауап: ешкім ұтқан жоқ, неге, түсіндірейін.

1 шілдеден қарашаның аяғына дейін дизель отының акцизі тоннасына 540 теңгеден 9 300 теңгеге дейін өсті. Бұл өсім биыл бөлшек саудадағы бағаны  шамамен 10 теңгеге қымбаттатуға тиіс еді. Егер, 2019 жылға оралатын болсақ, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов акцидің қымбаттауы бензиннің литрін шамамен 10 теңгеге өсіруі мүмкін екенін мәлімдеген. 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап акциз тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін көтерілген болатын. Бірақ өсім тіркелген жоқ. Бұған елді коронавирус жайлаған жылы тұтынудың төмендеуі мен артылған жанар-жағармайды экспорттауға мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктер негіз болды. Тұтастай алғанда жанар-жағармайдың ішкі нарығында ешқандай өзгеріс болған жоқ. 

5. Биржалық сауда-саттық 

Биыл наурыз айынан бастап бензиннің көтерме партиясы ашық биржада (ЭСА – электронды сауда алаңдары) сатылып жатыр. Мұнда кез келген адам компаниясын тіркеп, аккредитациядан өтіп, саудаға қатыса алады. Нақтылайтын болсақ, алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында қазір сауда-саттыққа жанар-жағармайды сақтау, өткізу мүмкіндігі бар компаниялар, яғни нарық ойыншылар ғана жіберіледі.

Дәл осындай сауда-саттық түсінікті және ашық баға белгілеудің бастапқы нүктесі болды. Нарық мұнай өңдеу базалары негізінде сұраныс пен ұсынысты реттейді. 
Өзекті индикаторлар/24 тамыздағы базалық деп аталатын соңғы сауда-саттықтағы орташа бағалар былай көрініс тапты: Атырау МӨЗ - бір тонна АИ-92 үшін 179 546,15 теңге, Павлодар зауыты - 204 687,9 теңге, ПҚОП (Шымкент) - 198 063,74 теңге.
АИ-92 бір тоннасында температураға және өзге де параметрлерге байланысты 1 315-1 398 литр болуы мүмкін. Есептеу үшін 1 350 литрді орташа шама ретінде аламыз. 

6. Әлемдік бағадан және өзіндік құнынан төмен

Төртінші тармақта мен бағаның өсуі отын нарығындағы жағдайды түзеткен жоқ деген қорытындыға келдім. Бірақ сараптамалық материал тек шаблондық фразалар мен ұрандар жиынтығы ғана емес, бұл дәйекті дәлел. 
Зауыттың 133-152 теңге көлеміндегі көтерме бағасы қандай екенін көрейік.

Біріншіден, зауыттар нарықтың толыққанды ойыншысы емес. МӨЗ-дің мұнай сатып алу және мұнай өнімдерін сату құқы жоқ. Бұла болса, 
нарық монополияланып кетеді. Өйткені 3-ақ зауыт бар. Олармен саудаласа алмайсың. 

Сапасына, температурасына және басқа да жағдайларға байланысты мұнайдың бір тоннасында шамамен 1 156 литр болады. 1 литр мұнайды өңдеу тарифі: ПМХЗ - 18 теңге, ПКОП - 27 теңге, АМӨЗ - 36 теңге. 

Назар аударсаңыз, ірі мұнай өңдеу зауыттарындағы тариф үнемі жоғарылай береді. Неге екенін білесіз бе? Негізінен ұлттық валюта бағамының өзгеруіне байланысты. Себебі мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға берілетін қарыз көбінесе шетел валютасымен ұсынылады, жоспарлы және жоспардан тыс жұмыстарға арналған қосалқы бөлшектер де шетелден сатып алынады.

Жалпы алғанда, теңге бағамының құлдырауы бензин мен жалпы отын құнының өсуіне түрткі болады. 
Қазақстанда мұнай өңдеу тарифі еуропалық бағадан артта қалып келеді. 
Сондықтан біздегі көрсеткіш әлемдік бағадан да төмен. Мұнайдың ішкі нарықта сатылатын орташа бағасы барреліне 20, ең көбі 30 доллар. 
Сенбейсіз бе?

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының 2020 жылғы есебінде нақты ақпарат бар: ішкі нарыққа шикі мұнай кен орындарына/операциялық активтерге байланысты барреліне $18-25 бағамен сатылды: ең төменгі сату бағасы "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-да, ең жоғарғысы – "Қазақтүрікмұнай" ЖШС-да (КТМ) және "Қазгермұнай БК" ЖШС-да болды.

Бұл ретте қазақстандық мұнайдың орташа салалық өзіндік құны барреліне шамамен 40 долларды құрайды. Операциялық өзіндік құны салыстырмалы түрде төмен ірі жобалар – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ішкі нарыққа мұнай жеткізбейді.
Шикі мұнайдың орташа өзіндік құны барреліне 40 доллар. Әлемдік баға 70 доллар шамасында. Ішкі нарықта ол шамамен 20-25 долларды құрайды. 
Осы тармақтың атауында айтылғандай, жер қойнауын пайдаланушылар/мұнай компаниялары үшін ішкі нарық әлемдік бағадан ғана емес, өзіндік құнынан да төмен.

7. Мұнай компаниялары ішкі нарықта қанша жоғалтады?

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының жылдық есебін зерделеп, ішкі нарық пен экспорт бойынша нетбектерді көруге болады. Басқаша айтқанда компания мұнайды шетелге экспорттау кезінде көлік, салық және басқа да ілеспе шығыстарды ескере отырып, қанша пайда табуы мүмкін еді?

Көріп отырғанымыздай, жеке компанияның көзқарасы бойынша ҚМГ-ға мұнайын сатудың жоғары бағасы мен нэтбектің жоғары болуына байланысты "Қазгермұнай" мен "Қаражанбасмұнай" компанияларына экспорттаған тиімдірек болар еді. Ал шикі мұнайды (8 доллар) толығымен ішкі нарыққа жіберген дұрыс. 

Алайда бұл кәсіби қорытынды емес. Себебі компаниялардың жағдайы мен акционерлердің құрамы әртүрлі. Бұған қоса мұнайдың ішкі нарыққа бағытталуы қаржылық көрсеткіштер мен инвестициялық мүмкіндіктерге айтарлықтай нұқсан келтіреді.

Осы жерде ҚМГ және жалпы сала ішкі бағадан қанша жоғалтады деген
сұрақ туындайды: 

Есепті оқып, есептеп көрейік. 
2020 жылы "ҚазМұнайГаз" 22 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндірді. Оның 15,1 млн тоннасы экспортқа жіберілді, 6,9 млн тоннасы ішкі нарыққа жеткізілді. 
Мұнайдың бір тоннасында шамамен 7,3 баррель, осылайша: $15 X 6 900 000 x 7.3 = жылына 756 млн доллар Бұл ішкі нарықтағы операциялардан ҚМГ-ның алмаған таза пайдасы. Көп пе, аз ба?
2020 жылы ҚМГ-нің жылдық таза пайдасы 416 млн долларды құрады, сондықтан бұл өте көп. 

Жалпы алғанда сала қанша жоғалтады? Мұны біз де есептей аламыз. Ең басында мен 2020 жылы қайта өңдеудің жалпы көрсеткішін келтірдім - 15,8 млн тонна, яғни: $15 X 15 800 000 x 7.3 = жылына 1,7 млрд доллар!

Сандардың бұл тәртібі іс жүзінде өзгерген жоқ. 2016 жылы қараша айында  "Байділдинов. Мұнай" атты бағдарламамда "ЖЖМ ішкі нарығына субсидия: ҚМГ БӨ қанша ұтылады?" деген тақырыпты талдадым. Сонда қазақстандық мұнай компаниялары ішкі нарықта жылына орта есеппен 2 млрд жоғалтып жатқанын айттым. 

ҚМГ неге ішкі нарықта мұнайды тиімсіз бағамен сатады? Себебі бұл ұлттық компания. Неге басқа компаниялар жеткізеді? Себебі келісімшарттық міндеттеме бар. Бұл ұзаққа созылуы мүмкін бе? Әрине, жоқ.
ҚМГ ішкі нарықты қолдаудың негізгі ауыртпалығын сезініп отырғанын 
айта кеткен жөн: қазақстандық нарық үшін жеткізу үлесі 44%-ды құрайды. Компания кірісін жоғалтып отырып IPO-ға шыға ала ма? Инвесторлар мақұлдамайды.

8. "Толық тәртіпсіздік" 

Әрине, отын нарығы саласы үкімет пен Президенттің назарында. Сіз, Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында қаражатты жылыстатуға байланысты көптеген "сұр схемалар" бар деген мәлімдемесін оқыған боларсыз. 
"Мұнда толық тәртіпсіздік", – деді Мемлекет басшысы АМӨЗ-ге қатысты пікір білдіргенде. 
Осыдан кейін "ҚазМұнайГаз АҚ басқармасының шешімімен Атырау МӨЗ бас директоры ауыстырылды. 

9 Бензин қанша тұруы керек?

2025 жылға қарай біз ЕАЭО аясында мұнай, мұнай өнімдері және газдың бірыңғай нарығына көшуіміз керек. Нәтижесінде тең табысты баға тетігі енгізіледі. Яғни ішкі нарықтағы баға тасымалдауды және басқа да шығыстарды/төлемдерді шегере отырып, экспорттық нарық ретінде айқындалады. Бұл – Дүниежүзілік сауда ұйымының талабы. Осыған сәйкес әлемнің барлық елдері энергия көзінің нарықтық бағасына көшуге тиіс.

Қазақстандағы қазіргі тең табысты баға қанша болар еді? Естеріңізге сала кетейік, ҚМГ үшін ішкі және экспорттық нарықтың орташа нэтбегі барреліне 15 долларға жуық. МӨЗ үшін шикізат қымбаттайды. Бір доллар үшін $15 х 430 теңге/159 (баррельдегі литр) = бір литр үшін 41 теңге. Жалпы тасымалдау таяу жылдары шамамен 5-10 теңгеге қымбаттайды.

Бөлшек сауда нарығындағы өзгеріс те бағаның шамамен 5-7 теңгеге өсуіне алып келеді. Қайта өңдеу тарифі де ұлғаяды. Бұл алдағы жылдары бағаның шамамен 60-70 теңгеге өсуіне дайын болу керек деген сөз. 
Бұл әртүрлі салық жүктемесін ескере отырып, ресейлік бағаға сәйкес келетін деңгей. Бірақ бұл жағдайда біздің ішкі нарықта көрші елдерге қарағанда төмен баға болады

P.S. Неге біз шетелдік автокөлік иелеріне отынды ішкі бағамен сатамыз? Ресей, армян, қырғыз, моңғол және тағы басқа көліктердің иелері бізде көлік салығын төлемейді. Бұдан бөлек транзиттік жүк көлігі бар. ЖМҚС оларға бензинді басқа бағамен сатса қалай болады? Мысалы, Арменияда жыл басынан бері бағаның өсуі литріне 400 теңгеден асты. Шетелдік автокөліктерге отынды басқа бағамен (оларды техпаспорт және мемлекеттік нөмір арқылы анықтай отырып) сату әділетті болар еді деп санаймын. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін