Көп бизнес жасанды интеллектіні тренд үшін енгізіп жатыр

90

Соңғы кезде бәрі жасанды интеллект туралы айтып жүр. 

 Көп бизнес жасанды интеллектіні тренд үшін енгізіп жатыр

Біреу оны болашақ дейді, біреу "бәрін өзгертеді" дейді. Бірақ мен басқа нәрсені байқап жүрмін. Біз ЖИ-ді дұрыс түсінбей жатырмыз. Қазір көп жерде, мәселен,  компанияларда, банктерде, тіпті мемлекеттік жүйелерде ЖИ енгізіліп жатыр. Сыртынан қарасаң – бәрі "цифрланып", "дамыған" сияқты. Бірақ ішіне кірсең, көп жағдайда өзгерген ештеңе жоқ. Жүйе де, процесс те сол баяғы. Тек үстіне ЖИ деген жаңа "қабат" қосылған. Сол үшін мен мұны басқаша атаймын –  жасанды интеллект бұл кей жағдайда нәтиже емес, иллюзия.

Бірінші иллюзияның басталатын жері – компаниялардың іші. Қазір көп бизнес жасанды интеллектіні нақты проблеманы шешу үшін емес, тренд үшін енгізіп жатыр. Мысалы, деректер сапасы төмен, бірақ ЖИ қосылған, процестер реттелмеген, бірақ автоматизация бар, шешімдер әлі де адамдармен қабылданады, бірақ "ЖИ қолданамыз" дейді. Нәтиже қандай? Ешқандай. Бірақ есепте бәрі әдемі көрінеді. Презентацияда – "инновация", ал кәдімгі өмірде сол баяғы хаос. 

Екінші иллюзия адамдардың өзінде, яғни қазіргі адамдар ЖИ-ге тым тез сеніп барады. Бір жауап алса шындық деп қабылдайды, тексермейді, өзінің ойын, анализін, талдауын аз қолданады. Бұл өте қауіпті құбылыс, себебі ЖИ ақиқат емес, ол тек ықтимал жауап береді. Яғни, ол сенімді сөйлегенімен, қателесуі мүмкін. Ал адамдар оны күмәнсіз қабылдай бастады. Бұл жерде мәселе технологияда емес, басты мәселе – адамның ойлау қабілетінде. 

Жалпы Қазақстандағы жағдайға тоқталсақ, бізде ЖИ енді ғана белсенді қолданылып жатыр. Бірақ бір мәселе анық көрініп тұр. Көп жерде қауіпсіздік кейінге қалып жатыр, деректер қайда кетіп жатқанын ешкім нақты бақыламайды, шетелдік сервистерге тәуелділік өсіп жатыр. Ал бұл жай ғана технология мәселесі емес, бұл тәуелділік мәселесі. Егер сен өз дерегіңді бақыламасаң, онда сен өз бизнесіңді де толық бақыламайсың. Бұл жердегі ең қауіптісі ЖИ-дің қателесуі емес, ең қауіптісі – біз оны дұрыс деп қабылдай бастауымыз. Сонда біз тек технологияға емес, өзіміздің ойлау қабілетімізге де тәуелді болып қаламыз. 

Қорытындылай келе, жасанды интеллект – сөзсіз мықты құрал, алайда ол дұрыс жүйе болмаса, сапалы дерек болмаса, нақты мақсат болмаса, онда ешқандай нәтиже бермейді, тек иллюзия береді. Бәрі жұмыс істеп жатқандай көрінеді, бірақ шын мәнінде ештеңе өзгермейді.

Жасанда интеллектіні тек қана құрал ретінде қабылдау қажет, негізгі фокус біздің ойлауымызға және жауапкершілігімізге байланысты.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу