КСРО-ны көксеп мемлекетке қарсы шыққандар жаппай қамалуы мүмкін

1820

Петропавл қаласындағы сепаратизм оқиғасы көпшіліктің талқысына арқау болды. Ондай аса жағымсыз, заңсыз әрекетке барғандарды Қазақстан халқының басым бөлігі сынға алды, жазалануы керек деген ойларын айтты. 

КСРО-ны көксеп мемлекетке қарсы шыққандар жаппай қамалуы мүмкін

Қазақстанда сепаратизмнің көрінісі жалғыз бұл емес. Көп жылдардан бері әртүрлі формада көрініп жүр. Осы күнге дейін көбіне кешірім сұраумен, мас халде болдым деген сылтумен түрмеге түсуден құтылып келеді. Өзге ұлт өкілдерінің ішінде сепаратизмнің дәнін себуші пиғылы таза еместер аз емес екені күн өткен сайын мәлім болуда.  Ондайлар Қазақстан заңының анау айтқандай қатал емесін, жауапкершіліктен кешірім сұрап немесе ары кеткенде айыппұл төлеп құтылуға болатынын білгендіктен күн құрғатпай бой көрсететін жағдайға жеткен. Ал мұның соңы Петропавлда сепаратизмнің ошағы құрылғанына, оның мүшелері Қазақстанның мемлекеттігін мансұқтауына, Петропавлдың өз алдына тәуелсіздігін жариялауларына әкеп соқты. 19 наурызда Солтүстік Қазақстан университетінің колледж ғимаратында 20 адам өздері "Халық Кеңесі" деп атаған жиналыс өткізген. Олар өздерін КСРО-ның ізбасарымыз деген. "Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының Халық Кеңесі Декларациясын" қабылдап,  онда олар Қазақстанның мемлекет құру заңдылығын мойындамаған, оның Конституциялық құрылысын бұзуға қол сұғып, елдің тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жоққа шығарған.

Жақында, осыдан оншақты күн бұрын Қазақстан Бас прокуратурасы тарапынан елімізде сепаратизм үшін жаза күшейтілетіні жайлы айтылған. Қылмыстық кодекс жобасына сепаратистік әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын жаңа бап енгізіледі делінген. Елдің аумақтық тұтастығын заңсыз, конституциялық емес өзгертуге шақыру қылмыстық жолмен жазаланатын әрекет болып саналатыны келтірілген. "Бап ауыр қылмысқа жатады және оның бірінші бөлімі бойынша ең жоғарғы жаза - жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады. Егер бұл әрекетті тұлға қызмет бабын пайдаланып жасайтын болса, онда оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін"  делінген Бас прокуратураның мәлімдемесінде. Интернет бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілгендіктен бұл бап сепаратистік үгіт материалдарына және бұқаралық үндеулерге қатысты да қолданылады деп тұжырымдалған.

Міне, заң жұмыс істей бастаған болса керек, Петропавлда сепаратизмді насихаттаған "Халық кеңесі" деген ұйымның үш мүшесі қамауға алынды. Олардың іс-әрекеттері Қазақстан Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша дәрежеленіп отыр. Біріншісі, 180-баптың 2-бөлігі бойынша Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарын және телебайланыс желілерін шақырумен материалдарды тарату. Екіншісі, 179-бап  бойынша мемлекеттің қауіпсіздігін ыдыратуды үгіттеу. Уақытша тергеу изоляторына қамауға алынған үш адамның әрекеті осы баптарға сәйкес келеді. Іс сотқа өткен жағдайда заң бойынша он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыру түрінде баламасыз жазалау қарастырылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында іс бойынша маңызы бар көптеген жедел-іздестіру шаралары, оның ішінде түрлі сараптамалық зерттеулер жүргізілгені айтылды.

Наурыз айында "Халық Кеңесі" тобына қатысушылардың жиналысы туралы интернет желілерде хабар таған. Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы Ұлттық қауіпсіздік Комитеті Департаменті сепаратизм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді 30-наурызда бастады. Саясаттанушы мен басқа да мамандардың қатысуымен комиссиялық сот-психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындыларына сәйкес сепаратизм белгілері анықталған. Петропавлдың үш сепаратисі он жылға сотталса, оларға еліктеген өзгелеріне сабақ болар, бәлкім.

Жалпы, Қазақстанның солтүстігі сепаратизмнің ошағы болуы мүмкін екенін Батыстың белді басылымдары бұрынан жазып келген. Тіпті 2015 жылы АҚШ-тың The Washington Post және Ұлыбританияның The Guardian басылымдары "Қазақстан екінші Украина болуы мүмкін" деген сарындағы сараптамалық мақалалар жариялаған. Онда авторлар мұндай болжамдардың шығуына себеп болған бірнеше факторды осыдан сегіз жыл бұрын атап көрсеткен. Екі мақалада да орыс ұлты өкілдері санының азаюы, орыс тілінің қолданыс аясының тарылуы, билікте орыс ұлты өкілдерінің аздығы, солтүстік аймақтарда олардың тығыз қоныстануы сияқты мәселелер сөз болған. Қазақстандағы орыстілді халыққа Кремльдің ақпараттық ықпалының қатты екені ескертілген. Сонда Ұлыбританиялық автор Петропавлда пойыздардың Мәскеу уақытымен жүретінін, Ресей пойыздарының Қазақстан аумағын күніне бірнеше мәрте кесіп өтетінін және жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі орыс ұлтының өкілдері екенін жазған. Автор сонда экономикалық тоқыраудың салдарынан Петропавл тұрғындары бұрынғы КСРО-ны аңсайды деген.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу