Қытай Қазақстанға қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарында

1108

Шығыстағы көршімізбен барлық салада ауқымды келісімдер жасалуда. 

Қытай Қазақстанға қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарында

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 70 жасқа толды. Ол мерейтойын атап өтпеді. Тура туған күнінде үш күндік мемлекеттік сапармен Қытайға аттанып кетті. Таратылып жатқан ақпараттарға қарағанда, Қазақстан басшысының Қытайға сапары нәтижелі болып жатқанға ұқсайды. Мемлекеттік сапар аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Мұнда арадағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты ұлғайту мәселелері пысақталды.

Сапардың негізгі бөлігі 19 мамырда өтетін "Орталық Азия – Қытай" саммиті.   

 "Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмастық, нақты келісімдерге қол жеткіздік, бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Жалпы, менің Қытайға мемлекеттік сапарым ойдағыдай өтті деп сеніммен айтуға болады. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа зор серпін береді. Қазақстанда Қытай қаржысы жұмсалған бірқатар ірі компания табысты жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде CNPC, CITIC, NFC, Sinopec, Huawei сияқты корпорациялар бар. Дегенмен біз ынтымақтастығымыздың әлеуетін одан әрі игеруіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, мұнай-газ саласы талай жылдан бері табысты әріптестіктің негізі болып келеді. Оның сөзінше, мұнай экспортын көбейту үшін "Қазақстан – Қытай" мұнай құбырын кеңейту жоспарланды. Қолданыстағы құбырлардың  мұнай тасымалдау мүмкіндігі арттырылмақ. Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуетін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға жеткізу көзделген. Президент Қазақстан үшін газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін кеңейту басым бағыттың бірі саналатынын айтады. "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральді мұнай құбырының екінші желісі салынуы мүмкін. Ал Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текшеметр газ өңдейтін зауыт салу ойда бар.

Фото: akorda.kz

Күні кеше қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі өткен. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Өткен жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-саттықтың жалпы сомасы 31 миллиард доллар болыпты. Президенттің айтуынша, Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарында. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты.

Президент еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанына назар аударып, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын алға тартты. Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажет екенін айта келе, KAZ Minerals және NFC компанияларының мыс қорыту зауытын салу жөніндегі бастамасын қолдайтынын білдірді. Бұл кәсіпорын іске қосылғанда шикізат экспорты азаяды. Елімізде өндірілетін мыс концентраты өз жерімізде өңделеді. Президенттің айтуынша, отандық кәсіпорындар алюминий, мыс және мырышты арзан бағаға сатып алады. Президент еліміз сирек кездесетін металдардың мол қорына ие екенін айтып, осындай кенді өндірудің және өңдеудің озық технологиясын енгізуге Қазақстан мүдделі екенін жеткізді.

"Қытайда электромобиль жасау ісі қарқынды дамуда. Сол себепті литий өндіру саласындағы серіктестікті нығайтудың болашағы зор. Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Cherry, Jac, Exeed және Haval брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда", – деді Президент.

Автокөлік құрастыру бойынша келісім жасалып, компаниялардың арасында қол қойылған сыңайлы. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды.

Фото: akorda.kz

Президент қытайлық іскерлік орта өкілдерін қаржы саласындағы серіктестікті нығайтуға шақырып, оларға "Астана" халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарын айтып берді. Қазір Қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Олардың оннан бірі – Қытай компаниялары. Оған қоса, China International Capital Corporation ұйымы Қазақстанда өзінің аймақтық бөлімшесін ашуды ойластырып жатқан көрінеді.

"Орталық Азия – Қытай" саммиті де нәтижелі болды деп күтілуде.

Фото: akorda.kz

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу