Мұнай өңдеу зауытын модернизациялау аяқталар тұстағы дизель тапшылығы жайлы сөз

2511

Кейінгі апталарда Үкімет пен БАҚ-та Қазақстан нарығындағы дизель тапшылығы көп талқыланады. Басым көпшілігі қолданыстағы мұнай өңдеу зауытының жыл сайын жөнделуі мен баға көтерілуінде біреудің мүддесі үшін жасалған келісім бар деп есептейді.  

Мұнай өңдеу зауытын модернизациялау аяқталар тұстағы дизель тапшылығы жайлы сөз

Бірнеше жыл бұрын Энергетика министрлігі қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталады және Ресейден келетін отын импортына тәуелділік дәуірі тәмам болады дегінді айтты ғой. Биыл Қазақстанның мұнай өңдеу жұмысына не болып қалды? 

"Жұт жеті ағайынды" дегендей, қаңтарда "KEGOC" АҚ желілерінде форс-мажорлық жағдай болды – Атырау, Маңғыстау облыстарының басым бөлігі электр жарығынсыз қалды. Апат жойылған сияқты – бұл хабар кеңінен жарияланбады және талқыланбады. Бірақ оның салдары әлі де сезіледі. Иә, елдің отын нарығында сезіліп отыр.

Атырау МӨЗ жақында күрделі және ұзақ мерзімді жаңғыртудан өтті. Ескі кеңестік Атырау МӨЗ базасының орынына нарықта сұранысқа ие өнімнің барлық желісін өндіру мүмкіндігі бар жаңа зауыт салынды. Мұнай-химия өнімдерін өндіру енгізілді. 
2021 жылдың қаңтарындағы энергиямен қамтамасыз ету желілеріндегі апат зауыттың суықтың тоқтап қалуына әкелді. Ал, өзіңіз білесіз, бұл күнде "светсіз" ботқа да пісіріп жей алмайсыз. 

Бұл жағдай суықта мәшинені ескі батареямен оталдыруға тырысқанмен бірдей. Бірақ көлікті оталдырудың жолдары бар: итері тамызу яки жылы гаражға енгізу. 
Өкінішке қарай, бүкіл зауытты гаражға енгізе алмайсың... 

Айта кетейін, тек қаңтарда ғана Атырау МӨЗ-і энергия жеткіліксіз болғандықтан 20 рет тоқтаған. Соның салдарынан жабдықтың істен шығуы, жоспарланбаған жөндеуге тоқтау, мұнай өңдеу көлемінің төмендеуі және өнімнің жеткіліксіз шығарылуы деген мәселелер пайда болады. 

Отын нарығындағы бензин тапшылығы алғаш рет "KEGOC" АҚ желілерінде апат болғанда, наурыз-сәуірде сезілді. Ал нарық бұл дағдарысты Ресейден бензин импорттамай-ақ еңсерді. Дегенмен Атырау МӨЗ-інде 200 мың тонна дизель ысырап болды. 
Осыдан шығар қорытынды: болып жатқан оқиғалардың нақты себептерін білмей тұрып мұнай саласында жүйеліліктің жоқтығы туралы айту дұрыс емес. Бұл салада мұнайды қайта өңдеу көлемі бойынша да, Қазақстан нарығында сұранысқа ие өнімдерді өндіру көлемі бойынша да рекорд орнатылды. 

Жүйедегі проблемалар туралы айтқанда, жаздың ыстығы мен күздің ерте түсуі күтпеген шешімдер жасауға мәжбүр еткен ауыл шаруашылығы саласындағы жүйесіздікті де айту керек. Ауыл шаруашылығы өнімінің бағалары рекордтарды бұзып жатыр. 

Жоғарыда мен дизель жетіспеушілігінің бір себебін сипаттауға тырыстым. Әрі қарай негізгі және ең маңызды себепті, елдің ішкі нарығындағы бағаны айтамын. 
Қазақстанда жанар-жағармайды тиын-тебенге сатып алып үйреніп қалғанбыз ғой, сондықтан оның қымбаттауын халық аса ауыр қабылдады. Барлық статистика Қазақстанды бағасы ең төмен ел ретінде Топ-10 немесе топ-15-ке енгізеді. Бұл тұтынушыға өте тиімді, жақсы және ыңғайлы екені түсінікті. Бірақ елдің транзиттік әлеуетін дамытуды ойласақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ел екенімізді ескерсек бұл қате, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдің жүк көліктеріне таза жем салынған астау болып тұрмыз. Өзбекстаннан бос бакпен кірген фураның Түркістан облысында дизель толтыратынын, келесі шекарада Қазақстаннан шығарда тағы толтыратынын қайта-қайта айтып жатырмыз. Тіпті осы құйған дизелі оларға Мәскеуге барып келгенше жететін көрінеді. Міне, баға төмен болған соң, отынымыз елден әртүрлі жолмен шығып кетіп жатыр. Тамыз-қыркүйекте елдегі дизель отынын тұтыну мөлшері әлдеқайда көп болды. Ондай тарихта болмаған. Ел экономикасы жанармай бекеттерінде сатылған мұншама көп мөлшерді тұтынбайды. 
Әрине, көрші елдерге түбі жоқ бөшке болсаң жақсы...

Бағанадан бері осы сөздің бәрін неге айтып отырмын? Біздің нарық көршілермен тең болуы керек. Бүгін біз Ресей үкіметіне берген дизелімізді көкөніс пен жеміс түрінде қайтарып берші деп жүгінуге мәжбүр болдық. 

Мемлекеттің қысымы, нарық пен бағаны ұстап тұруы әлемнің ешбір елінің экономикасын өркендетуге, әл-ауқатын көтеруге алып келген жоқ. 

Әділ нарықтық баға деген салық түсімдерінің өсуіне, бизнес кірістерінің артуына ықпал етеді, бұл кейіннен бюджет қызметкерлерінің де, жалдамалы қызметкерлердің де жалақысының көбейуіне сеп болады. 

Жекелеген салаларда ғана емес, жалпы экономикада жүйелі тәсіл болуы керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін