Онлайн-ойындар түріндегі қаржы пирамидалары: Қалай қорғануға болады?

Пирамида ұйымдастырушылар адамдарды тарту үшін жаңа схемалар ойлап табуда. Оның ішінде ойын-сауық форматы да бар.

Онлайн-ойындар түріндегі қаржы пирамидалары: Қалай қорғануға болады?

Олар ойыншылардың жоғары пайдаға кенеліп, кейіннен өз салған қаражаттарын алуға мүмкіндік беретін экономикалық немесе инвестициялық онлайн ойындар ойлап тапқан. Мұнда қолданушылардың жасы есепке алынбайтынын айта кету керек.

Алаяқтық ойындар қалай жұмыс істейді?

Бұл виртуалды тауарларды (құстар, жануарлар, жылжымайтын мүлік немесе басқа да актив) нақты ақшаға немесе криптовалютаға сатып алуға мүмкіндік беретін онлайн ойындар. Яғни инвестициялау арқылы пайда табуға болады деп сендіреді. Мұндай ойындарды құрастырушылар қолданушыларға бонустар немесе басқа да сыйақылар беру арқылы оларға басқа адамдарды әкелуге үгіттейді.

Бұл ойындардың ең танымал мысалы – "Көңілді балықшылар". Онлайн-ойын сайтында бұл жоба "жоқ дегенде қаржылық жағдайыңызды жақсарту үшін жасалды" деп жазылған. Қатысушылар 9 балықшыны сатып алу керек. Оның сақтау мерзімі де әртүрлі (20 күннен 100 күнге дейін), олар тиісінше әртүрлі табыс әкеледі. Балықшылар "балықты" ұстап, күн сайын оны сату керек. Пайдаланушылар ерінбей, күн сайын ойынға кіріп отыру керек. Содан кейін, виртуалды ақша белгілі бір мөлшерде жиналған кезде оларды нақты ақшаға айналдыра алады. Бірақ іс жүзінде олай емес.

Осыған ұқсас қағидат бойынша жұмыс істейтін "Қараңғы ойын" онлайн-жобасы бар. Ойын құрастырушылар күніне 70%-ға дейін пайда табуға сендіреді. Жаңа ойыншыны тартқаны үшін виртуалды депозитке 20% пайда түседі. Одан бөлек танымал "Ферма" ойыны негізінде құрылған "Ақша фермасы" және т.б. ойындар да бар.  

"Ақша табуды" бастау үшін ойыншылар сайтта өз деректерін қалдыру арқылы онлайн-ойынға тіркелуге тиіс. Одан бөлек пайдаланушы ретінде бұл ресурсқа жеке деректерін өңдеуге келісім беруі керек. Кейбір компаниялар пайдаланушы келісімінде, әсіресе шрифтпен қаражатты қайтару кепілдігі мүлдем жоқ екенін көрсетеді. Мысалы, "Бай құстар" ойынының сипаттамасында "ұйымдастырушы сізге бұл ойын ішінара қаржы пирамидасының принциптеріне негізделгенін ескертеді, кез-келген уақытта барлық қаражатыңызды жоғалтуыңыз мүмкін, ал сайт ұйымдастырушысына ешқандай шағым болмайды" деп жазылған.

Көптеген адамдар бұл ойындардың айналасында дүрбелең туғызады. Олар бұл ойында виртуалды кіріске қол жеткізсе, нақты шотқа қаражат ала алады деп сенеді. Салдарынан ойын ішіндегі "инвестициялық өнімге" сұраныс артып, бірақ одан тыс жерде ойынға қатысушылар ақша немесе криптовалюта үшін сатып алатын бұл "өнімнің" ешқандай да құны жоқ.

Ақша мен жаңа пайдаланушылар ағыны аяқталған кезде ойын жабылып, салынған қаражатты алу мүмкін емес.  Ал, ойыншы-инвесторлардың қолында ештеңе де болмайды. Өкінішке қарай, мектеп оқушылары мен студенттер алаяқтардың құрығына жиі түсіп жатады. Себебі олар алаяқтарға сеніп, ойынға құмартып, қаржылық пирамидаларға төтеп бере алмайды.

Ойыншылар нені білуге тиіс?

Сізге ойнауға ғана емес, басқа адамдарды тарту арқылы ақша табуға кеңес беретін экономикалық ойынның алаяқтық екенін ұмытпаңыз. Мұндай оңай және тез пайда табуды көздейтін ұсыныстар құқықтық реттеудің жоқтығынан ақшаны жоғалтудың жолы болып отыр.

Қаражат алуды көздейтін онлайн ойындар қаржылық пирамидаларға жатады, себебі:

  • Ойыншы оған өз ақшасын (нақты немесе сандық) аккаунтты құру, "өнімді" сатып алу және тапқан қаражатын алу үшін салады;
  • Ойынға қатысушы пайда табу үшін басқа адамдарды ойынға шақыруы керек;
  • Ойынды әзірлеуші туралы ақпарат болмайды, сайтта байланыс телефоны мен заңды мекен-жайы көрсетілмеген;
  • Сайттың дизайны нашар, бөлімдердің нақты құрылымы жоқ, есептеу үшін анонимді қызметтер қолданылады;
  • Ақшаны "алу" үшін негізінен электронды әмияндар қолданылады;

Мұндай пирамидалардың ғұмыры қысқа болады. Осылайша, қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары құқық қорғау органдарының оларды табу ықтималдығын азайтуға тырысады.

Балалар мен жастар қаржы пирамидаларының құрбанына айналмауы үшін пирамидалардың белгілері мен олардан қорғану тәсілдері туралы айтып отыру керек.

Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады?

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық пирамидалар белгілерінің тізімін бекіткен. Онда жосықсыз қызметтің 39 белгілері көрсетілді. Бұл жұмыс қаржылық алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының қызметі аясында жасалған. Жұмыс тобы 2020 жылы Агенттік жанынан құрылған. Оның құрамына ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Бас прокуратураның, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің, Қазақстан Ұлттық банкінің өкілдері кіреді.

Егер жұмыс тобының мүшелеріне алаяқтық әрекеттері байқалған немесе оның белгілері анықталған компаниялар туралы ақпарат түссе, онда құқық қорғау органдары кіріседі. Дәлелдерден кейін қылмыстық іс қозғалып, компанияның веб-сайты бұғатталады, сондықтан алаяқтар бұдан былай ақшаны заңсыз алуға адамдарды тарта алмайды.

Қаржы пирамидаларын анықтау бойынша алдын алу шаралары аясында мемлекеттік органдар 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 3 мыңнан астам сайттың жұмысын бөгеп, 44 қылмыстық іс қозғаған.

Қаржы пирамидаларының негізгі белгілері

1. Қызметті* жүзеге асыруға лицензияның/есептік тіркеудің болмауы:

* бағалы қағаздар нарығындағы қызмет;

* банк қызметіне, оның ішінде депозиттер тарту, кредиттер беру, аударымдар мен төлемдерді жүзеге асыру және т. б. бойынша.;

* микрокредиттер беру бойынша қызмет.

2. Бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-сайттарда, соның ішінде әлеуметтік желілерде, жоғары табыс пен пассивті табыс алуға уәде беретін жаппай жарнама.

3. Жаңа қатысушыларды тартқаны үшін сыйақының берілуі туралы уәде;

4. Компания міндетті бастапқы капиталды салуды, бірлескен кәсіпорынның/ компанияның мүшесі болуға ұсыныс жасайды.

5. Ақша қолма-қол беріледі немесе жеке тұлғаның карточкалық шотына аудару, электрондық әмиянға салу арқылы іске асырылады.

6. Компания қызметі мен оның басшысы туралы нақты мәлімет жоқ. Анонимділік – компания немесе жоба құрылтайшылары, басшылары туралы нақты ақпараттың, қаржылық есептіліктің болмауы.

7. Компанияның немесе жобаның қызметіне алдағы уақытта қатысу үшін алдын ала (арнайы) жарналардың болуы.

8. Атауларда, символизмдерде, жарнамаларда белгілі компанияларға, брендтерге ұқсас сөздерді, сөз тіркестерін және танымал адамдардың суреттерін қолдану;

9. Әр түрлі бағдарламаларға, соның ішінде автомобильдер, пәтерлер, жер учаскелерін сатып алуға, халықтан ақша қаражатын тарту.

10. Компанияны оффшорларда тіркеу.

Аталған белгілердің ішінде экономикалық онлайн ойындар болады. Олар оңай ақша табуды, электрондық әмияндарға оңай ақша табуды ұсынады.

Осы тұста онлайн инвестициялық ойындар түріндегі қаржылық пирамидалардың жаңа түрі елімізде кең таралмағанын айта кету керек. Ресейдің Орталық банкі 2021 жылғы күзден бастап қауіпті экономикаларды анықтап, қаржы нарығында заңсыз қызмет белгілері бар компанияларды өз тізіміне енгізген. Қазақстанда жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың осыған ұқсас тізімі бар. Оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың өтініштері негізінде үнемі жаңартып отырады. Бүгінде Fingramota.kz оқыту сайтында қызметі қаржылық лицензиялау мен реттеу өлшемінен тыс орналасқан 154 субъект атауы жарияланған.

Алаяқтарға ақшаңызды сеніп тапсырмаңыз. Олардың күмәнді жобаларын жарнамалаудан аулақ болыңыз. Себебі салдары қиын болуы мүмкін.

Қаржылық пирамиданы құру мен оны жарнамалағаны үшін қандай жаза көзделген?

Қазақстанда қаржы пирамидасын құру және оны басқару үшін ғана емес, жарнамалағаны үшін де жауапкершілік күшейтілген. 2022 жылғы 12 шілдеде Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойған. Ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Бұл Қылмыстық Кодекске өте маңызды түзетулер енгізілген. Ол 217-1 баппен толықтырылды:

"Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы жарнамалау, яғни айтарлықтай залал келтіре отырып, ақпаратты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, адамдарды оған тартуға алып келген жеке және тікелей тарату – мүлкі тәркіленіп, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

Сонымен қатар, қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету бойынша жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 217-бабында көзделген:

- бір мыңнан (бұл 3 млн теңгеден жоғары) үш мыңға дейін (бұл 9 млн теңгеден жоғары) АЕК мөлшерінде айыппұл салынады;

 - 50 тәулікке дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту;

- мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру.

Бұл ретте алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; бірнеше рет жасалған әрекет; адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттері мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қаржылық ойындардың құрбаны болсаңыз, қайда хабарласу керек?

Егер сіз онлайн-ойындар түріндегі қаржы пирамидаларына тап болсаңыз, онда агенттікке жүгінуіңізге болады: 

-жазбаша түрде – А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 ш/а, 21 үй;

 - egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;

 - агенттіктің өңірлік өкілдерінің басқармаларына (тұрғылықты жері бойынша).

Агенттіктің call-орталығына (1459) қоңырау шалу арқылы немесе "Fingramota Online" мобильді қосымшасы арқылы қаржы пирамидалары туралы мәлімет беріп, кеңес алуыңызға болады.

Сақ болыңыз! Өзіңізді және балаларыңызды алаяқтардан қорғаңыз!

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу