Осы күнге дейін Ұлттық қорға 100 млрд доллар жинайтындай шамамыз болған

979

Әлеуметтік жобалар мен шешімдер қай елде болмасын экономикаға белгілі бір шығын әкелетіні белгілі. Мысалы, биыл қабылданған 2024-2026 жылдардағы үш жылдық бюджеттің 40%-ы әлеуметтік салаға бағытталған.

Осы күнге дейін Ұлттық қорға 100 млрд доллар жинайтындай шамамыз болған

Мұның барлығы Президенттің сайлауалды берген уәдесіне сай болып жатқан заңды үрдіс. Бізде осал топтағы қаншама жанұя, қаншама зейнеткер бар. Оларға төленетін жәрдемақы мен зейнетақы сол әлеуметтік жобалар аясында беріледі, студенттерге берілетін стипендия да осыған кіреді. Әрине, бұл мемлекет тарапынан үлкен көмек, бірақ бір жағынан оның мемлекеттік бюджетке салар ауыртпашылығы да салмақты. "Ұлттық қор — балаларға" жобасы да сондай әлеуметтік шешімдердің бірі. 

Бәріміз білетіндей, Ұлттық қор қаржысы тікелей инвестициялық түсімге байланысты. Біз осы уақытқа дейін Қор қаражатын бюджет тапшылығын жоюға ғана жұмсап келдік, әртүрлі дағдарыстан шығу амалы ретінде пайдалануды әдетке айналдырдық. Мысалға мынандай бір статистиканы келтіре кетейін, Ұлттық қор құрылған алғашқы 15 жыл ішінде — 2001 жылдан бастап, 2016 жылға дейін әртүрлі қажеттілікке деген желеумен $60 млрд шешіліп алынған. Соңғы 10 жылды айтатын болсақ, 2013 жылдан бастап осы 2022-23 жылға дейін Ұлттық қор қаражатының $75 млрд-тан $55 млрд-қа дейін төмендеу динамикасын байқадық, яғни жиналған ақша тиімсіз жұмсалған, өйткені ел басына іс түскен сайын ұлттық қоржынға қол сұға бердік. Егер оның алдын алғанда, инвестициялық баланс құра алған жағдайда қазірдің өзінде Қорда $100 млрд-тан астам қаражат болар еді. 

Жалпы Ұлттық қордың портфельдерінің 29%-ы дамыған елдердің, 21%-ы дамушы елдердің облигацияларына, 30%-ы дамыған елдердегі компаниялар акцияларына, 10%-ы әртүрлі корпоративтік акцияларға, 5%-ы альтернативті құралдарға, тағы 5%-ы алтынға салынған. Мұны бір тиімді даму жолы деуге болады, экономиканы әртараптандыру сияқты Ұлттық қорды да әртараптандыру арқылы барынша табыс табу керек. Дамыған елдердің облигацияларына, акцияларына неғұрлым көбірек ақша салған сайын, соғұрлым инвестициялық кірісті арттыра аламыз.

Алайда бұған дейін ешқандай дивиденд көрмей, керісінше теріс сальдоға түсіп кеткен кездеріміз де болды. Ол да Ұлттық қор табысының тұрақсыздығының бір себебі. Өйткені қоржындағы бар дүние қалай болса солай жұмсалып келді: тиімсіз акциялар мен облигациялар сатып алынды, алтынға құйылды, пайда әкелмейтін салаларға бөлінді. Тиімсіз шешімдер деп отырғанымыз, бізде экономиканың дамуына кері әсерін тигізетін квазимемлекеттік сектор. Мемлекеттің кепілімен оларға қаншама қарыз алынды, түрлі жобалармен бүркеніп компанияларға қаншама қаражат құйылды. Мұндай тәжірбие әдетке айналған. Болашақты біз мұндай тиімсіз шараларды тоқтатуымыз керек және ондағы әр тиын заң шығарушы орган Парламентте талқыға түсуі тиіс. Өйткені бұған дейін ешқандай бір талқылаусыз ақша оңды-солды жұмсалып келді. 

Ал жобаның экономикалық әсері жайында айтар болсақ, ең бастысты, жаңа талап қойылды — 2030 жылға дейін табысты $100 млрд-қа дейін жеткізу. Енді Ұлттық қор балалар меншігіне айналғандай, сондықтан одан ақша алуды емес, пайда көруді ойластыру керек. Ал бұл өз кезегінде экономикаға белгілі бір деңгейде оң әсер етуі керек — жалпы макроэкономикалық тұрғыдан тиімді болуы тиіс, екіншіден, пайда табу үшін әртараптандыру саясаты қолға алынатын болады, инвестициялық шешімдер жақсарады деп ойлаймын. Әрине, ең бастысы оның әлеуметтік маңызы — елде болашаққа деген сенім пайда болады.

Жалпы Ұлттық қор мұнайдан түскен инвестицияға тәуелді екенін ескерсек, қара алтынның бағасы қымбаттаса не қазіргі жоспарға сай бір қалыпта қалса және Қордағы активтер тиімді салалар мен акцияларға құйылатын болса, онда алға қойған мақсатқа жету әбден мүмкін. 

Ал ондағы әр балаға жиналатын қаражат мөлшеріне келер болсақ, бала шотына 18 жасқа дейін кем дегенде $3000 жиналады деп ойлаймын, әрине, бірден баспаналы болып не оқуын толық өтей алмауы мүмкін, бірақ оның өзі баланың бір жыртығын жамауға үлкен көмек болмақ. Оған қоса сол шотта ары қарай да ақша жинай беруге болады, яғни жалпы бағыт дұрыс. Сонымен қатар, келешекте доллардың қандай болары белгісіз, қымбаттап жатса, табысы да артатыны белгілі.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу