banner

Patriot кешеннің әрбірінің құны шамамен 360 миллион доллардан астам

1809

Ресей Украинаға жойқын соққы беруге дайындалып жатыр деген әңгіме күн сайын қылаң беріп тұр. Ресей президенті Путиннің Беларусь республикасына, ал Медведев бастаған делегацияның Қытайға баруы да тегін емес.  

Patriot кешеннің әрбірінің құны шамамен 360 миллион доллардан астам

Ұзынқұлақтан тарап жатқан ақпаратқа қарағанда, Ресей Беларусьты әскери өнеркәсіп және плацдарм ретінде пайдалануға көндірген сыңайлы. Ал Беларусь әскерін Украинаға қарсы соғысқа салуға көндіре алмады деп жатыр. Қытайдан да қандай да бір көмек алу мақсаты болған шығар. Ақпараттар анық болмағанымен де, Қытай Ресейге Украинамен арадағы соғыста көмекші емес екені түсінікті. Ресейдің ол елден сұрайтыны – зымырандардың қосалқы бөлшектері болса керек.

Осының бәрінің сыртындағы маңызды әңгіме – АҚШ Украинаға осы күнге дейін бермей келген Patriot деген зениттік-ракеталық кешенін беруді ұйғарғаны. Бұл қаруды Украина президенті көп айдан бері сұрап, ала алмай жүрген. Мұндай қаруды берудің жобасы мен жоспарын АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі жасады. Тәртіп бойынша тиісті құжат алдымен мақұлдап қол қою үшін Пентагонның басшысына жеткізіледі. Одан кейін құжат АҚШ президентіне қайтады. Президент қол қойғаннан кейін, белгіленген мөлшердегі Patriot зениттік-ракеталық кешендері мен оның оқ-дәрілері Украинаға жөнелтіледі. Осы күні тиісті қағаздар Пентагоннан өткен болса керек. Patriot кешенін соғыста қолдануды оқып үйрену үшін украин әскерилері Германияның Графенвёр қаласына жіберілді. Әдетте кемемен алып жүретін мұндай кешенді бұл жолы жүк ұшақтарымен жеткізулері де мүмкін. Себебі уақыт созуға болмайтыны тағы бар.

Сонымен, Patriot деген қандай қару? Бұл қарудың артықшылығы – әуеден келетін зымырандардан, дрондардан, кез келген ұшатын нәрселерден қорғайды және өзі де әртүрлі қашықтықтардағы нысандарды дәлдеп атады. Ракетасының нысандарға жету ұзақтығы – 160 шақырым.

Patriot кешенін Американың Украинаға бермей келуінің себебі – АҚШ-тың қаруымен Украинадан Ресейдің аумағы атқылана ма деп аяқ тартып келген еді.  Ресей Украинаның әскерімен соғысудың орнына халықты жылу, жарық, су көздерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындарды атқылап істен шығара бастады. Көрер көзге соғыстың халықаралық тәртібін бұзып отыр. Ресей әскері Украинаның ифрақұрылымдарына қарай ұшырып жатқан кіші аппараттарды тосып алып жару қиын. Себебі олар кішкене ғана, әрі төмен ұшады. Соның өзінде Украинаның өз әуе қорғанысы шамасы келгенше ондай аппараттарды жерге жеткізбей жарып та жатыр.

Ал соғыс басталғалы бері бейбіт тұрғындардың қырылып қалғаны қаншама. Бұл да соғыс заңына қайшы жасалған әрекеттердің салдары.

Patriot зениттік-ракеталық кешенін 1960 жылдан бастап өндіріліп келеді. 1980 жылдан ол барынша жетілдірілді. Радарлары, командалық-бақылау тіректері, қарсы ұшып шыққан нысанды тосып алып жару, алыстағы жер-су үстіндегі нысанды атып жою әлеуеті едәуір жақсартылды. Ал 1982 жылдан бері АҚШ Қарулы күштерінің құрамындағы кешенді қару санатында қызмет етеді.

Бұл қаруды Raytheon деген әлемдегі ірі өндіруші компания жасайды. АҚШ-та орналасқан компания әр түрлі ракеталарды өндіреді. 2048 жылға дейінгі нақты өндіріс жоспары жасалған компания екен. Patriot кешенінің сипаттамасында тактикалық баллистикалық ракетадан, қанатты ракетадан, ұшқышсыз ұшу аппараттарынан, кез-келген ұшақтардан қорғайды деп келтірілген.  

Patriot кешенінің біреуі айналасы 68 шақырымдық радиустағы ауқымды қорғайды. Аспаннан ештеңе өткізбейді. Ал бір мезетте алыстағы нысандардың 50-ін бірдей нысанаға алады. Соның 5-уін бір атқанда жояды. Жылдамдатып 10 рет атқанда 50 нысанға ракета жетеді. Бір Patriot кешенінің жұмысына 90 әскери жұмылдырады.

1991 жылы Patriot кешені Парсы шығанағында АҚШ әскері мен Израиль қалаларын Ирактың ракеталарынан қорғады. Осы жолы Patriot кешені өзінің мықтылығын көрсеткен екен. Ал кейінгі бір сәтінде Иранның ракетасын өткізіп  алып, АҚШ-тың 28 әскері қаза болыпты. Дегенмен де мұндай қаруға қолы жеткен де бар, жетпеген де бар. Украиналықтардың Patriot қашан келеді деп төзімі тауысылып жүргені де бекер емес. Қазір Patriot кешені әлемнің 16 елінде бар екен. Оның нақты бағасы жайлы ақпарат кездеспейді. 2017 жылы АҚШ пен Румыния арасында 7 Patriot кешенін сатып алу туралы келісімде 3,9 миллиард доллар көрсетілген екен. Соған қарағанда, мұндай кешеннің әрбірінің құны шамамен 360 миллион долларға жақын ақша тұрса керек.

Patriot кешені осы күні Израиль, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Бахрейн, Иордания, Катар, Кувейт, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань жерлеріне және Еуропа елдерінде орналасқан.  

Әрине, Patriot кешені Қазақстан үшін де керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу