Путин Қазақстанда бірде-бір рет Украина жайлы жақ ашпады

1596

Астана қаласында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтті. Бұл халықаралық іс-шараның Украинадағы соғыс жағдайында өтуінің де өз ерекшелігі бар болса керек. 

Путин Қазақстанда бірде-бір рет Украина жайлы жақ ашпады

Тақырып бойынша күн тәртібінде елдердің ықпалдастығы мен өзара сенім талқыға түскенімен де президенттер арасында Украинадағы соғыс жайы там-тұмдап болса да айтылды. Бұл саммиттің өзі мен дәліздерінде Украинадағы соғысты тоқтатуға пайдасы тиерлік кішкене де болса қозғау салатындай, ой тоқтататындай әңгіме айтылса соның өзі де жаман емес. Ал ресми мәліметтерде Украинадағы соғысқа қатысты толымды сөз естілмеді. Украинадағы сорғыс жайы Түркия мен Ресей президенттерінің кездесуінде де сөз болған жоқ. Сондықтан біз әр елдің басшыларының ықпалдастық пен өзара сенім мәселесіне қатысты ұстанымдары мен сөздерін әңгіме етеміз.  

Саммитің төрағасы әрі үй иесі Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиын елдерді бейбітшілікке деген ортақ ұмтылысқа біріктіретінін айтты. Қазақстан президентінің сөзінше, көшбасшылдардың  жасампаздық әрекетіне қарамай, дүниенің қауіпсіздігі сейіліп жатқан жоқ. "Бүгін біз бет қаратпай тұрған геосаяси толқынның және әлемдік экономикада үдеп жатқан дағдарыстың жағдайында өмір сүрудеміз", – деді ол.

Тоқаев саммитке қатысушылардың басты міндеті қауіп-қатердің алдында  тұрақты халықаралық қарым-қатынастан қол үзбеу екенін еске салды. Жан-жақты қатынастарға жаңаша жол ашып, ашық диалогқа келудің мәні үлкен.

"Азия құрлығында халықаралық қатынастардың жаһандық жүйесіндегі маңызын нығайту мақсатында алдымен әлемнің жаңа күн тәртібін қалыптастыруға күш салуымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, адамзат өркениетінің дамуына Азия үлкен үлес қосқан".

Қазақстан президенті XXI ғасыр Азияның ғасыры болады деген болжамның іс жүзінде расқа айналатынына тоқталды. Оның айтуынша, ішкі жалпы өнім бойынша Азия әлем экономикасында көшбасшыға айналды. Әлемдегі ең ірі деген 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай әлемдегі орта тап 30 триллион долларды тұтынады деп болжанған, ал соның 1 триллионы ғана батыстың экономикасына тиесілі болмақ.

Жиында Қазақстан президенті Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысын ары қарай дамыту мәселесіне  тоқталды. Ол денсаулық сақтау, эпидемиологиялық, ақпараттық қауіпсіздік және коммуникациялық технологиялар жайлы маңызды мәселелерді қозғады.  Ал ең бастысы – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысы ары қарай түрленуі тиіс. Кеңес жаңа дәуірге қадам басады. Яғни бұл Кеңестің мәртебесі артып, Азияның әлем істеріндегі ролі нығаяды және мүше елдердің қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарады.

Украинадағы соғыс жайлы Түркия президенті айтып өтті. Оның сөзінше, Украинадағы соғыс бүкіл әлемге кері әсерін тигізіп отыр.

 

"Біз Украинадағы дағдарыстың салдарын аймақтық және жаһандық деңгейде көріп отырмыз. Мен әрқашан әділдікке дипломатия арқылы қол жеткізуге болады деп айтамын. Соғыста жеңімпаз болмайды, әділдіктен ешкім жеңілмейді. Біздің мақсатымыз – барлық қиындықтарға қарамастан қантөгісті мүмкіндігінше тезірек тоқтату".

Режеп Тайып Ердоған Түркия мен БҰҰ-ның соғыстың жағымсыз салдарын жою жөніндегі күш-жігері бүкіл әлемде мойындалғанын атап өтті. Сондай-ақ Қара теңіз арқылы украин астығын экспорттау туралы Стамбул келісімі және тұтқындармен алмасу айтарлықтай жетістіктер екенін баса айтты.

Қытай Халық Республикасы төрағасының орынбасары Ван Цишаньның саммитке қатысуының маңызы осал емес. Қытайдың Кеңес құрамында болуы Азиядағы бейбітшілік, тұрақсыздық және қауіпсіздік мәселесіндегі сенімді әріптестік ісіне қомақты үлес қосатын болса керек. Қытай делегациясын бастап келген Ван Цишаньмен Қазақстан президенті кездесу өткізді. Мейманның сөзіне қарағанда, Қазақстан-Қытай арасындағы сенім мен қызметтестік және достық қатынас бұрынғыша өзінің қалпында. Бүгінгі күні ол жақсы жүзеге асырылып та жатыр.

Беларусь президенті Александр Лукашенко да келген. Оның сөзі түйеден түскендей болды. Саммитте Лукашенко посткеңестік кеңістікте жағдайды тұрақсыздандырып отырған Батыс деп салды. Сондықтан үшінші дүниежүзілік соғыстың сәл-ақ алдында тұрғанымызды ескертті.

 

"Беларусьтағы жағдайды тұрақсыздандырудың шексіз әрекеттері жалғасып жатыр. 2020 жыл шетелдік кураторлар көтерілісті ашық түрде басқарды. Дәл осындай сценарий бұрын Украинада да байқалған. Мұның бәрі неге әкелгенін көріп отырмыз. Бақытымызға орай, 2022 жылы біз Қазақстанда бейбітшілікті сақтай алдық".

Ресей президенті Владимир Путин саммиттегі өз сөзінде Украина жайлы жақ ашпады. Есесіне ол Ауғанстанның ахуалын жақсарту керектігін айтты. Ауғанстанға келтірілген шығынның орнын толтырайық дегенге келтірді. Бұғатталған Ауған қаржыларын босатуға күш салайық дейді. Путин Азияның гүлденуі мен дамуын қолдайтынын, бұл мақсатта кең ауқымды тиімді инвестициялық қызметтестікті құру керектігін алға тартты. Путиннің сөзінше аймаққа аштық пен әлеуметтік толқулар келе жатыр.

Бірқатар елдерінің аумағында қарулы қақтығыстар жүріп жатқаны белгілі. Саммитке келген Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф, Палестинаның президенті Махмуд Аббас өз елдерінің аумағындағы жанжалдар мен қарулы қақтығыстардың жайын ортаға салды.  Тек Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалды сөз етпеді.  

Тұтастай алғанда, Қазақстанның төрағалығымен Астанада өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жиынының мазмұны өте ауқымды да маңызды мәселелерге толы болды. Қазақстанның жаһандық мәнге ие ірі бастамалары өзге елдердің басшыларына үлкен ой салды деуге негіз бар.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу