Ресей өзінің көршілерін көкіректен итеріп, көзін шұқуға кіріскелі қашан

1829

Ресей саясаткерлерінің Орта Азия елдеріне қарата жағымсыз сөз айтуы үйреншікті нәрсе болып қалғанымен, оның қаупі күннен-күнге артып келе жатқанын жоққа шығаруға болмас. 

Ресей өзінің көршілерін көкіректен итеріп, көзін шұқуға кіріскелі қашан

Кеше ғана олар Ресейдің Украинадан кейінгі проблемасы Қазақстан деп байбалам көтерді. Оған тиісті шенеуніктер жауап қайтарды.

Енді Ресей Госдумасының Дмитрий Новиков деген депутаты ай-шай жоқ Қырғызстанға тиісіп отыр. Бұл депутаттың өзі Госдуманың Халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары деседі. Жалпы, Ресей билігі өзінің лауазым иелеріне жан-жақтағы елдерді мансұқтайтын сөз айтқызуға арланбайтын болып алды. Госдума комитеті басшысының орынбасарының көрші елге тиісіп сөйлеуі мүлде жараспайтын-ақ нәрсе. Бірақ олар үшін көрші елдердің бәрі ұлтшылдарға толып кеткен, олар орыстарға тыныштық бермей жатқандай көреді. Мұның ешбір қисыны жоқ қой деп жөн айтқандарды қара тізімге алып, оларды Ресейдің дұшпаны деп қарайды.

Қырғызстан Жогорку Кенешінің, яғни парламентінің төрағасы Нұрланбек Шакиев Бішкек қаласының аудандарының аталуы қырғызша емес, әлі күнге дейін орыс сөздерімен аталатынын алға тарқан екен. Ол мұны сынға алған, ондай атауларды өзгерту керек деген бастама көтерген. Себебі Бішкектің аудандары осы күнге дейін Ленин, Первое мая, Свердлов және Октябрь деген аттармен аталады екен.

Қырғыз депутаттардың сөзі жай жатсын ба? Мәскеудегілердің құлағына сол күні-ақ жетеді. Бұған Госдуманың депутаты Дмитрий Новиков өре түрегелді.

Ресей депутаты Қырғызстан парламенті төрағасының сөзін тарихи байланыстарға соққы жасау деп бір ышқынды. Ресей басшылығын мұндайға қарсы әрекет етуге шақырып екі ышқынды. Бұл ұсақ-түйек емес, өспей тұрып оның тамырына осы бастан балта шабу керек деп тағы ышқынды. Ал ең жаманы әлгі депутат Қырғызстанда "антисоветтік рецидив" бар деген бір жұмбақ сөзді айтады.

Бішкектің ішіндегі аудандардың атын өзгертейік дегенді естіген Госдуманың Светлана Журова деген депутаты да шала бүлінген екен. Депутат әйел тіпті өзеуреп, Қырғызстан мұнысымен Украинаның кебін киеді деп салды. Ресейдің әйел депутатының бұл сөздеріне Қырғызстанның әйел депутаты қарсы шықты. Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Камила Талиева жауап берді. Оның айтуынша, ескі аттардан Ресейдің өзі де арылып жатыр. Свердловскті Екатеринбург, Ленинградты Санкт-Петербург деп өзгерткен Ресей емей басқа ел ме екен? Депутат Камила Талиева бүгінгі әрекеттің егемен республиканың ішкі ісі екенін, Госдума депутаттарының ешбір негізсіз сөздері екі ел арасындағы қатынасқа көлеңке түсіретінін айтты.

Ресей саясаткерлері Қырғызстанға қаратып неше алуан сөзді бұрын да талай боратқан. Госдума депутаттары Қырғызстанда орыс тілі шетқақпай көріп  жатыр деп те шулаған еді.

Ал осы таяуда ғана Госдуманың Константин Затулин деген депутаты, өзі сол Госдуманың ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Қырғызстан Батыстың айтқанымен жүріп, Ресейден алыстамақ деп байбалам көтерді. Себебі сол тұста Қырғызстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің әскерилерінің оқу-жаттығуын өзінің аумағында өткізуден бас тартқан болатын. Әлгі депутаттың "Қырғызстан мұнысымен Ресейден алыстамақ па?" деп шу шығаруы осыған байланысты болды.

Сол депутаттың сөзінше, Қырғызстан Батыстың айтқанымен жүріп, айдауына көніп, Украинамен соғыста Ресейдің қаншалықты күшті екенін саралап, аңдып отырған көрінеді.

Мінеки, осындай келеңсіздіктер болып жатыр. Ресей өзінің көршілерін көрер көзге көкіректен итеріп, көзін шұқуға кіріскелі қашан. Ал мұның қаупі жоқ емесі тағы бар. Кезінде Ресей Украинаға тиісуді осылай бастаған еді. Орыстың тілінің аясы тарылғанын, Украинада орыстардың тұратынын, ол жақта ұлшылдық белең алғанын айтып, осыны қару етіп тиісе бастаған. Мұндай әдетпен осы күні бізге де, қырғыздарға да сүйкеніп бағуда. Мұны қоқан-лоққы жасау, бопсалау демеске лаж жоқ. Құйтұрқы бір сөздің ізін суытпай тағы бір сөзді бастап байбалам көтеруін жалғастыра беретін болса керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу