banner

Ресейдің ядролық қару қолдану қаупі адамзатты алаңдатуда

1973

Ресей Украина қалалары мен энергетикалық нысандарын ракетамен атқылауын тоқтатар емес.  

Ресейдің ядролық қару қолдану қаупі адамзатты алаңдатуда

Әлемде тыныш емес. Ресейден ядролық қару қолдану қаупі төніп тұрғанына барша адамзат алаңдаулы. Бірсыпыра сарапшылар Ресей ядролық қару қолданбайтынын айтады. Себебі қолданған сәтте-ақ ондай қарумен Путиннің жасырынып отырған жері атқыланады. Ондай жағдайда Путиннің аман қалуы екіталай. Оны Кремль жақсы түсінеді. Ресей жай ғана ядролық қарумен бопсалайды деген ұғым әлемде басым. Әскери сарапшылардың сөзіне сенсек, АҚШ Владимир Путиннің әр қадамын, жүрген-тұрғанын, ұйықтағанын сағат сайын ғарыштан бақылап отыратын көрінеді. Демек Ресей президенті үнемі нысанада ұсталады. Қарымта ретінде АҚШ ядролық қару қолданбайтын көрінеді. Бункерге жасырынған күннің өзінде өте жоғары дәлдікпен, бірнеше жүз метр тереңдіктегі нысананы жоятын ядролық емес ракетамен-ақ атып жоқ ететіні айтылады.

Ядролық қару қолданылмасын лайым. Ядролық қарусыз соғыстың өзі Ресейге де, Украинаға да оңай соғып жатқан жоқ. Украина дегеніме көнсін деген оймен Ресей оның қалалары мен энергетикалық нысандарын ракетамен атқылап жатыр. Украина жарықсыз, жылусыз қалсын дейтін болар. Ал ракеталардың кейбірі тұрғын үйлердің маңына, саябақтарға, жол үстіне түсіп жарылуда. Украинаның әуе қорғанысы Ресей ракеталарының талайын тосып алып та жатыр. Ал тосылмағаны жерге жетіп жарылуда.

Дегенмен Украина халқы мен әскері салы суға кеткен жоқ. Әскер өршелене шабуылға шықты. Кеше ғана референдум жүргізілген Херсон облысы азат етілудің сәл-ақ алдында тұр. Ондағы ресейліктер Днепрдің арғы бетіне қарай ауа бастады. Херсонға Ресей көп күшін шоғырландырып, Украинаның шабуылына тойтарыс бермек көрінеді. Мұндағы бір қауіп, осы маңға орналасқан Кахов су қоймасын орыстар жарып жіберсе шабуылға шыққан украиндықтар су астында қалуы мүмкін. Бірақ мұны украиндықтар біліп отыр. Сондықтан түрлі тактикалар қолданылатын болса керек. Осы күні ресей әскерін Днепрдің оң жағалауына қарай тықсырып, өткелдерді бақылауда ұстап отыр.

Жалпы, Украина әскерінің соңғы уақыттағы жетістіктері жаман емес. Соғыс басталғалы бері Ресей әскерінің қоластында қалған елді мекендердің бүгінгі күнге дейін 1 мың 620-сы азат етіліпті. Соның 75-і Херсон облысындағы елді мекендер. Ал Ресей Херсон облысын бергісі келмейді. Себебі ол аймақта референдум өткізіліп, Ресейдің құрамына өтті деп рәсімделген. Ресей қазір Украина әскерінің шабуылын тоқтатудың жолын таба алмай дал болып отыр. Шабуыл тоқтамаса соғыс та жалғаса беретін сияқты.  Сарапшылар Херсонның азат етілуіне бір аптадай ғана уақыт қалды деп болжайды. Ал Ресей Херсон үшін ақтық соғысқа аяқ баспақ.

Украинаға АҚШ пен батыс елдерінің көмегі келіп жатыр. Мұндай көмекке Израиль де қосылуы мүмкін. Израил осы күнге дейін көмекке араласпай келген еді. Ресейден бата алмайтын. Қазір оның Украинаны қолдауына Иранның Ресейге жүздеген ұшқышсыз ұшу аппараттарын беріп жатқаны себепкер болайын деп тұр. Оның үстіне Иран енді Ресейге баллистикалық ракеталарын бермек көрінеді. Иран мен Израильдің жұлдыздары қарсы. Араларында текетірестік бар. Егер жақын арада Израиль мемлекеті Украинаға әуе қорғанысы жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын берсе үлкен жәрдем болар еді.  Израильдің диаспоралар ісі жөніндегі министрі Нахман Шай Украинаға НАТО мен АҚШ беріп жатқан көмекті біз де берейік деген мәселені көтеріп, үкіметті осыған жұмылдыруға әрекет етіп жатыр. Оны қолдағандар аз емес. Өзге министрлер мен бірқатар партиялардың жетекшілері де осындай ұстанымға қосылды. Әрине, Израильдің әуе қорғанысы жүйелері мен басқа да әскери техникалары жоғары технологиялық қарулар екені даусыз. Әсіресе ракеталарды дарытпауда тәжірибесі бар мемлекет. Сондай-ақ Израильдің дрондарды жоятын қаруын да ел мақтайды. Өзінің дұшпаны Иранның дрондары Украина қалаларын жарып жатқан соң оған қарсы Израильдің қаруы шығуы мүмкін. Израильдің нақты шешімі қандай болатыны әзірге анық емес.

Ал соғыс ештеңеге қарамай өз жолымен жүріп жатыр. Арасында екі жақтың тұтқын алмасу сәттері болып тұрады. Кезекті тұтқын алмасу оқиғасы бірер күн бұрын өтті.

Бұл жолы 218 тұтқынды алмасу жұмысы атқарылды. Украинаға қайтарылған 218 тұтқынның 108-і әйел екен. Тұтқыннан қайтарылған әйелдердің 11-і офицер, 85-і сержант пен қатардағы жауынгер. Араларында әуе қорғанысында, әскери-теңіз күштерінде, Азов полкінде, тағы басқа құрылымдарда қызмет еткендері бар. Қалғандары уақытша басып алынған жерлерден күштеп әкетілген әйелдер. Бірнеше әйел 2019 жылдан бері тұтқында болыпты. Украинаны жақтағандары үшін оларды төрт жыл бұрын  Донецк пен Луганскіде тұтқындап, шпиондар деп қамаған.

Бұған дейін де тұтқындағыларды алмасу жұмысы бірнеше рет өткен. Бірінде 110 адам алмасты. 21-қыркүйекте 215 Украин тұтқыны қайтарылды. Ал 11-қазанда Украинаның тұтқындағы 32 жауынгері, 13-қазанда 20 жауынгері тұтқын алмасу тәртібімен кері қарай берілді.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі әскеріне тұтқынға жауды барынша көбірек алыңдар деп отыр. Неғұрлым тұтқын көп болса, соғұрлым өз адамдарын да көп қайтарады.

Украинаға бір бүйірден Беларусь та қауіп төндіріп тұр. Беларусь жеріне тоғыз мың Ресей әскері жайғасатын болды. Оның алды бүкіл әскери техникасымен келіп орналасып та жатыр. Беларусь пен Ресей әскері қосылып сыртқы жауларға қарсы ортақ құрылым жасамақ. Ал мұның соңы аралас әскерді Украинаға қарсы соғысқа салмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Негізі Беларусь әскері аса тәжірибелі емес деп жатады. Жаттыққаны болмаса, соғыстың иісін әлі сезіп көрген жоқ. Ал Беларусь әскерінің саны қызметке жаңадан шақырылғандарын қоса есептегенде 45 мыңға әрең жетеді. Беларусь президенті өзінің әскерін орыс-украин соғысына қатыстырмауға әрекет етіп жатыр. Бірақ Ресей басшысы Беларусь президентін бұған көндіргісі келеді. Лукашенко Ресейдің қысымынан құтылу үшін әскерім өзіме керек, Польша, Латвия және Литвадан қорғанамын деп қана бұлтаруы мүмкін. Өзекті себеп тауып құтылмаса Ресей Беларусьты баса-көктеп барады. Онсыз да Беларусь жері мен әуежайлары Ресейдің Украинаға қарсы соғысына пайдаланатын алаңына айналып кеткен.   

Ал өмір өз орнымен жалғасып жатыр. Украина халқы Еуроодақтың Андрей Сахаров атындағы сыйлығына ие болды. Сахаров сыйлығы – Еуроодақтың адам құқығы бойынша ең беделді сыйлығы. Мұндай сыйлық Украина халқы мен осы елдің президенті Владимир Зеленскийге берді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу