Риддердегі 16 мектептің біреуі ғана толық қазақ мектебі

Ал оқушылар екі ескі ғимараттың арасына сабылып жүр. 

Риддердегі 16 мектептің біреуі ғана толық қазақ мектебі

56 мыңнан аса халқы бар қазақ қаласында "Шаңырақ" атты жалғыз ғана қазақ мектебі бар екен. Ол – Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласы. Бұл қалада 16 мектеп болса, соның 12-сі орыс мектебі, үшеуі аралас мектеп, біреуі ғана қазақ мектебі. Соның өзінде жалғыз қазақ мектебі тозығы жеткен, ескі ғимараты бір-бірінен алшақ екі бөлек жерде орналасқан деп жатыр. Тұрғындар ол ғимараттардың тым ескі, құлауға шақ тұрғанын айтады. Оның үстіне қазақ мектебінің дау-дамайға қалған жағдайы да бар екен.

Риддерде жаңа мектеп салыныпты. Тұрғындар 2008 жылы сол жаңа мектептің жері "Шаңырақ" мектебіне ғимарат салуға бөлінгенін айтады. Бірақ 2019 жылы шешім өзгерген, жаңа ғимарат аралас мектепке берілетінін болып шешілген. Кейін мектеп ашылып, аралас мектеп деп жарияланған. "Шаңырақ" қазақ мектебі айдалада қалған.

Енді Риддердің тұрғындары қаладағы қазақ тілді жалғыз мектептің тозығы жеткені жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдағаны жайлы хабар тарады. "Азаттық" радиосының хабарлауынша, "Шаңырақ" мектебі 1936 жылы және 1958 жылы салынған екі ғимаратта орналасқан. Ғимараттардың біреуі кеңес заманында "Пионер үйі" ретінде салынған. Екіншісінің спорт залы апатты жағдайда және ғимараттар арасы алшақ. Оқушылар мен мұғалімдер сабақ арасында үлкен екі көшені қиып өтіп, қатынайды.

Ескі "Шаңырақ" мектебінің екі ғимаратында 550 оқушы қазақ тілінде оқыса, жаңадан салынған аралас мектепте 150 бала орыс сыныбында оқиды. Тұрғындар наразы. Олар жері мен қаражатын "Шаңыраққа" бөлген, бірақ соңынан аралас болып кеткен мектепті өз иесіне қайтаруды сұрайды.

Тұрғындар биылғы жылдың басында да қаладағы жалғыз қазақ тілінде оқытатын мектеп мәселесін қозғаған. Олар жаңа ғимарат салып беруді сұраған. Риддер билігі мектеп апаттық жағдайда деп танылмағанын, сондықтан жаңа мектеп салуға негіз жоқ екенін хабарлаған.

Биылғы жылдың басында таратылған ақпараттарға қарағанда, "Шаңырақ" мектебі ғимараттарының сау тамтығы қалмаған. Қаңтардағы мәліметте ағаш терезелердің жақтауы қопарылып, көгеріп, астыңғы жағы дым тартып кеткені,  мұғалімдер мен ата-аналар ескі ғимараттардың төбесі опырылып түсе ме деп қауіптенетіні, қабырғасы қаусай бастаған мектеп балаларды басып қала ма деп алаңдайтыны айтылған. Мектептің екі ғимараты бір-біріне жақын емес. Ортасында екі үлкен көше бар. Көліктер ағылып жатады. Оқушылар осы екі ғимараттың арасына сабылып жүреді.

Мұғалімдер мен ата-аналар екі ғимарат төбесі де, қабырғасы да, едені де тозып тұрғанын айтумен келеді. Үшінші қабаттың төбесіндегі сылағы жылда түсіп, оны жылда қайта сылап қоятын көрінеді. Ал екі спортзалдың бірінің бұрышы құлап қалған. Өте қауіпті болған соң оны жауып тастаған.

"Шаңырақ" қазақ мектебінде 580 бала оқиды екен. 2022 жылы Риддерде 600 балаға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілген. Тұрғындар "Шаңырақ" мектебін толықтай соған көшіріп, толық қазақ мектебі санатында қалдырады деп үміттенген. Алайда жаңа ғимарат қазақ-орыс мектебі болып ашылды, "Шаңырақ" орнында қалды. 600 балаға арналған жаңа аралас мектепте 300-ден астам ғана бала оқып жатқан көрінеді.

Жаңа ғимаратты "Шаңырақ" қазақ мектебіне беру турлы тұрғындар атынан жоғары жаққа талай хат жазылыпты. Әзірге нәтиже болған жоқ.  Жалпы, "Шаңырақ" мектебін жаңа ғимаратқа көшіру керек деген мәселе жиырма жылдан бері көтеріліп келеді екен. Бірақ бұл мақсатқа қол жеткізілмеген. Тұрғындардың айтуынша, басшылық "Шаңырақ" мектебін өзге арлас мектептерге араластырып жіберуді ойлапты. Бұған халық көнбепті. Егер араластырып жіберсе, онда Риддерде соңғы оңаша қазақ мектебі жабылған болар еді.

Қазақ мектебінің осындай ахуалға тап болып жүргені жақсы емес. Өзі жалғыз қазақ мектебін жабылып қалудан сақтап келе жатқан Риддер тұрғындары қайта-қайта шырылдап, енді президентке үндеу жолдап отыр. 

Мынадай фактілер де бар. Ресейде бүгінде қазақ мектебі атымен жоқ. Ол жақтағы қазақ мектебінің ең соңғысы осыдан үш-төрт жыл бұрын жабылды. Өзбекстанда қазақ мектептері әлі де бар көрінеді. Бірақ соңғы жиырма жылда Өзбекстанда қазақ мектептерінің кемі жүзі жабылыпты. Ресейдегі қазақ мектебі сол елдің Білім турлы жаң заңына байланысты жабылса, Өзбекстандағы жағдайға ауылдардағы қазақтардың атажұртқа қоныс аударуы себеп болыпты. Өйткені қазақ сыныптарына баратын бала қалмас керек.

Ал Риддер шет ел емес, қазақ қаласы. Қазақ қаласында соңғы қазақ мектебі жабылып тыныпты деген сөзге қалу абырой болмасы анық.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу