Шымкенттің полицейлеріне қатысты келеңсіз оқиғалар ушығып барады

Шаһарда  полиция қызметінің алты қызметкері жемқорлық қылмыстары үшін сотталды. 

Шымкенттің полицейлеріне қатысты келеңсіз оқиғалар ушығып барады

Полицияның атқарып жатқан қызметі орасан екенінде дау жоқ. Алайда сол полиция қызметіндегілердің заң бұзғандарын көргенде әттеген-ай деп қаласыз. Соңғы күндері Шымкент қаласындағы тәртіп сақшыларының аты көбірек шығып жатыр. Аты жақсы жағынан шықса жарар еді. Өкінішке қарай, олардың ортасында пара алумен немесе басқа заң бұзу әрекеттерімен істі болып жатқандар бар.

Қаладағы  полиция қызметінің алты бірдей өкілі жемқорлық қылмыстары үшін сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдеуінше,  Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 4-ші рота командирі мен 8-ші рота командиріне қатысты үкім шығарған. Шымкент полициясы қызметіндегі екі басшы 7 жылдан бас бостандықтарынан айырылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқықтарынан өмір бойына айырылды.

Фото: google.com

Оларға қоластындағы қызметкерлерден 5-10 мың теңгеден бірнеше рет пара алды деген айып тағылды. Бұған қоса 4-ші рота командирі әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін қала тұрғынынан 130 мың теңге параны өзінің қарамағындағы қызметкерлер арқылы алған делінген. Үкім әзірге күшіне енген жоқ. Майор шеніндегі екі басшыдан бөлек, тағы төрт полицейге айыппұл салынды.  Алты полицейдің ісі Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.

 Фото: ulysmedia.kz

Шымкентте 30 жастағы күдікті жігітті ұрып өлтірді деп айыпталған төрт полицей сотталды. Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың үкімімен төртеуі де сотталды. Екі адамды ұрып-соғып, азаптаған екен, соның біреуі өліп кеткен. Тірі қалған екіншісі кейін екеуін полицейлер азаптағанын растаған.

Басында Шымкент қалалық полиция департаментіне қымбат көлік ұрлауға қатысы бар деген күдікпен екі азамат жеткізілген. Бірнеше сағаттан кейін біреуі полиция мекемесінде көз жұмды.

Азаматтың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта бір жылдан астам уақыт қаралды.

Полицейлер билікті асыра пайдалану және азаптау қылмыстарын жасады деп танылған. Төрт айыпталушының бірі 7,5 жылға, екіншісі 7 жылға, үшіншісі 3,5 жылға, төртіншісі 2 жылға бас бостандақтарынан айырылды. Прокурор оларды 3 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге қамауды сұраған. Азаптаудан тірі қалған екінші азамат та ұрып-соққан полицейлерді кешірмейтінін айтып, судьядан оларды барынша ауыр жаза кесуді сұраған.

Сотталған полицейлердің үшеуінің мүйізі қарағайдай полковник шені болған екен, біреуі подполковник болыпты. 41 мен 55 жас аралығындағы шенділердің екеуі Шымкент қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары, біреуі қаладағы Қаратау аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы, тағы біреуі қалалық полиция департаментінің жедел уәкіл болып істеген.

Екі азаматты полицейлер Шымкенттегі дәмханалардың біріне тамақтануға барған жерінен ұстап әкеткен екен.  Сотта прокурордың айтуынша, оларды ұстау кезінде және полиция департаментіне жеткізгеннен кейін 35 минут азаптаған. Қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне тіркемей жатып тергеу жүргізген көрінеді. Полковниктің бірі кеудесінен екі рет қатты соққы берген екен. Осы ауыр соққылардан кейін ес жимай өліп кеткені айтылады. Полицияның қолына түскен екінші азамат та оңбай таяққа жығылған.

Әрине, полицейлердің қызметі күрделі, тәуекелі де басым. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта 2,5 мыңнан астам полицей жарақат алыпты. Ал сол кезеңде қаза болған полицейлердің саны 800-ге таяп қалды.

Олардың арсында міндетін заң аясында адал атқарып жүргендер де көп. Дегенмен арасындағы кебірінің теріс істері бәрін жуып-шайып кетіп жатады. Содан барып полицейлер мен азаматтардың қарым-қатынасы заман талабына сәйкес емес деген пікір де бар. "Ішкі істер органдарының қызметі қоғамның үмітін ақтап отырған жоқ. Себебі адамдар өздерін қауіпсіз сезінбейді" дейтіндер жетерлік.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу