Дегенмен осы мол әлеуетті толық пайдаланып отырмыз деп айту қиын. Сондықтан 2025 жылғы қыркүйек айында Үкіметке туризмді дамыту мәселесі бойынша арнайы депутаттық сауал жолдап, өңірлердегі өзекті мәселелерді көтердім. Бүгінде туризм саласында оң өзгерістер де бар. Мысалы, бір ғана Жетісу облысында орналастыру орындарының саны 400 нысанға жетіп, төсек-орын қоры 22,8 мыңға дейін өсті. Ішкі туристер саны 2 миллион адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артты. Ал көрсетілген туристік қызмет көлемі 1,8 млрд теңгеге жетті. Бұл – сұраныстың бар екенін көрсететін жақсы белгі. Ендігі міндет – осы әлеуетті жүйелі дамыту.
Біріншіден, өңірлік басқару жүйесін күшейту қажет. Қазіргі таңда елімізде 12 визит-орталық жұмыс істегенімен, туризм басқармалары барлық облыста бірдей жоқ. Туристік әлеуеті жоғары Ұлытау мен Жетісу сияқты өңірлерде мұндай құрылымдардың болмауы туризмнің жүйелі дамуына кедергі келтіреді. Екіншіден, инфрақұрылымды дамыту маңызды. Мысалы, Алакөл жағалауы бүгінде еліміздің ірі туристік орталықтарының біріне айналып отыр. Соңғы жылы ғана бұл өңірге 1,8 миллионнан астам адам келген. Орналастыру орындарының саны 270 нысанға жетіп, туристік қызмет көлемі 7,2 млрд теңгеге дейін өскен. Мұндай тәжірибені еліміздің басқа да өңірлерінде қолдану қажет. Үшіншіден, жаңа туристік бағыттарды дамыту керек. Ұлытаудағы "Саң" таулары, Кейкі батыр үңгірі немесе Маңғыстаудағы Торыш алқабы сияқты бірегей табиғи нысандарды мемлекет қорғауына алып, туристік маршруттарға енгізу еліміздің туристік картасын кеңейте түседі.
Туризмді дамыту тек жаңа қонақүйлер салумен немесе жол жөндеумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – табиғи және тарихи мұрамызды көздің қарашығындай сақтау. Өкінішке қарай, кейбір қасиетті орындарда мәдениетке жат әрекеттер кездесіп жатады. Киелі жерлерде қоқыс қалдыру, тарихи белгілерді бүлдіру сияқты жағдайлар орын алады. Мысалы, жуырда Ұлытау ұлттық паркінің аумағындағы "Әулие тауда" орналасқан қасиетті таңбалы тастардың бүлінуі қоғамды алаңдатқан жағдай болды. Бұл – ұлттық құндылықтарға жасалған қиянат. Сондықтан туризмді дамыту мен табиғи-мәдени мұраны қорғау қатар жүруі тиіс. Сонымен қатар табиғи ескерткіштерді сақтау мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Маңғыстаудағы Торыш алқабындағы шар тәрізді тастар – табиғаттың сирек құбылысы. Алайда кейбір адамдар оларды жеке мақсатта алып кетіп, табиғи ландшафтқа зиян келтіріп отыр. Мұндай нысандарды мемлекет қорғауына алып, бақылауды күшейту – уақыт талабы.
Бүгінде туризм – цифрлық технологиялармен тығыз байланысты сала. Әлемде туристер сапарды жоспарлаудан бастап, қонақүй таңдауға дейін барлық қызметті онлайн форматта пайдаланады. Қазақстанда бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалғанымен, цифрлық әлеует толық пайдаланылып отыр деп айту қиын. Туристік ақпараттың бірыңғай цифрлық платформасы, сапалы мобильді қосымшалар және жасанды интеллект негізіндегі сервистер жеткілікті деңгейде дамымаған. Сондықтан цифрлық инфрақұрылымды күшейту қажет. Туристік аймақтарда тұрақты интернет байланысын қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйелерін енгізу, дрондар арқылы бақылау жүргізу қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллект туристерге жеке маршруттар ұсыну, тарихи нысандар туралы көптілді ақпарат беру, өңірлердің туристік әлеуетін тиімді таныстыру сияқты мүмкіндіктер ашады. Бұл – туризмді жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, еліміздің экономикасына қосымша серпін беретін бағыт.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін