Түркі елдерін бір-біріне жақындастыра түсетін кеңес құрылды

1571

Түркі мемлекеттерінің өзара байланысы нығайып келеді. 

Түркі елдерін бір-біріне жақындастыра түсетін кеңес құрылды

Қазіргідей тыныштық кетке заманнда түркі мемлекеттері бір-бірін қолтықтан демеп, бір сапта тұруы жақсылықтың нышаны. Осы бағытта түркі елдері үшін ортақ қызмет ететін тағы бір кезекті ұйым құрылып отыр. Ол – Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесі деп аталады. Географиялық кеңестің штаб-пәтері Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында орналасады.

Ташкентте Түркі мемлекеттерінің Географиялық кеңесін құру туралы келісімге 8 мамырда Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан географиялық қоғамдарының өкілдері қол қойды.

Фото: qazaqgeography.kz

Жаңа ұйым түркітілдес елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен қоғамдық бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты дамытумен айналысады. Түркі елдері түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерделеу мен сақтауға атсалысады. Сондай-ақ бұл ұйым экологиялық проблемалармен де шұғылданды.

Түркі мемлекеттері географиялық кеңесінің бас хатшысы болып Өзбекстанның географиялық қоғамының басшысы Ойбек Норинбаев сайланды.

Фото: kun.uz

Кеңесті құрудың бастамашысы QazaqGeography Қазақстандық республикалық қоғамдық бірлестігі болды. Түркияның Географиялық қоғамының өкілі Каан Капан қазақстандық тарапқа жасаған бастамасы үшін алғысын білдірді.

Фото: kun.uz

"Мен QazaqGeography-ге түркі мемлекеттерінің географиялық қоғамдарының басын біріктіру туралы ұсынысы үшін ризашылығымды білдіремін. Және де бүгін біз осы келісімге қол қойып, болашаққа үлкен жол ашып жатқанымызға қуаныштымын", – деп атап өтті Каан Капан.

Жақын арада географиялық кеңестің құрылымы, бірқатар жобалары мен нақты қадамдары бекітілетін болды.

Түркі елдерін бір-біріне жақындастыра түсетін осындай ұйымдардың басқа түрлері де баршылық. Мысалы, өткен наурыз айында Түркі елдерінің жазушылар одағы құрылды. Бұған ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, қырғыз жазушысы Султан Раев бастамашы болды.  Осылайша, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркменстанның жазушылар одақтарының басшылары одақ құру туралы келісімге қол қойды. Түркі әлемінде алғаш рет құрылып отырған одақтың төрағалығына қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сайланды. Ақын екі жақтағы төрағалықты қатар алып жүреді.

Ал бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан түркі мемлекеттеріне ортақ ұйымдарға келсек, саясат, руханият жағынан жетістіктер баршылық деуге болды.

 

Фото: yandex.kz

Түркісой 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл – түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық ұйым. Алматыда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан мемлекеттерінің Мәдениет министрлерінің кездесуіндегі өзара келісімшарт негізінде құрылған ұйым. Кейіннен бұл келісімшартқа Татарстан, Башқұртстан және Солтүстік Кипр қосылды. Ұйымның орталығы Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында орналасқан.  Қазіргі уақытта Түркісойға 14 мемлекет мүше. Ресей билігінің кедергі келтіруінің салдарынан ұйымның құрамынан Тыва республикасы, Алтай өлкесі және Якутия шығып қалған. Башқұртстан, Татарстан және Хакасия табандап шықпай қалды.

2009 жылы Әзірбайжанда өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Тоғызыншы Саммитінде Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды. Ұйым Түркі кеңесі деп аталды. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мүше болды,  Венгрия бақылаушы болды. Түркі кеңесі Хатшылығының штаб-пәтері Стамбул қаласында орналасты.

Фото: politobzor.net

Ал 2021 жылы Түркі кеңесі "Түркі мемлекеттері ұйымы" болып қайта құрылды. Бұл ұйым жұмысының саяси жағы басымырақ. Екі-үш жылда Түркі мемлекеттері ұйымы аясында бірқатар кездесулер мен жиындар өтті. Жиындарға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Венгрия басшылары қатысады.

Біз жоғарыда атап өткен Түркісой ұйымы түркі елдерінің мәдениетін жақындастырып, бір-біріне жақыннан таныстырумен, кітаптар шығарумен, аударма жасаумен, тұлғалармен кезесулер, концерттер ұйымдастырумен айналысады. Сонымен қатар петроглифтер мен өзге де белгілерді зерттеп, ежелгі дәуірде шыққан тегімізді насихаттайды. Түркісойдың бас хатшысы Султан Раев таяуда берген сұхбаттарының бірінде қазақ даласының мәніне тоқталды.

Фото: yandex.kz

Ол былай деді: "Қазақстанның адамзат тарихына, Ұлы дала өркениетіне қосқан ерекше үлесін таныту – басты мұратымыздың бірі. Түркі дүниесінің түп тарихы осы қазақ жерінен бастау алатынын, әлемдегі өркениеттің өрісін өзгерткен ұлы тұлғалар табанының ізі қалған қасиетті топырақтың құдіретін бар әлемге танытуымыз керек".

Ендеше, түркі мемлекеттерінің байланыстары ұлғая берсін дейміз.   

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу