Украина Шешенстанның президенті Рамзан Қадыровқа да іздеу жариялаған

1284

Соғыстың тікелей атысу түрі немесе ақпараттық деген тәсілі өз алдына, одан бөлек бір-біріне іздеу жариялайтын нұсқасы да бар екен.

Украина Шешенстанның президенті Рамзан Қадыровқа да іздеу жариялаған

Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқалы бері орыстар талай украиндыққа, ал украиндықтар талай орысқа халықаралық іздеу жариялады. Мысалы, орыстың жариялаған халықаралық іздеудегі украин адамы Ресеймен арада экстрадициялау келісімі бар елдердің біріне бара қалса ұсталады. Сөйтіп, ол Ресейдің қолына беріледі. Тура сол сияқты, украиндардың іздеу жариялаған орысы Украинамен арада экстрадициялау келісімі бар елге аяқ басса дереу ұсталады да Украинаға табысталады. Іздеу жарияланған адам электрондық базаға енгізілгендіктен шет елге бара қалса, аты-жөні бірден алдынан шығады. Соғыс басталғалы бері Украинаның құқық қорғау органдары "тергеуден қашып жүр" деп кем дегенде 700 ресейлікке халықаралық іздеу жариялаған. Олардың дені шенеуніктер мен саясаткерлер. Ресей де талай украиндыққа халықаралық іздеу жариялаған. 

Украина құқық қорғау органдарының халықаралық іздеуінде жүргендердің қатарында Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, экс-президент Дмитрий Медведев те бар. Оған Украинаның территориялық тұтастығына нұқсан келтірмек болды деген айып тағылған. Іздеу жариялау құжатында Медведев 1-наурыздан бастап сотқа дейінгі тергеуден қашып жүр деп көрсетілген. Медведев өзінің сөзінде Украинаның қазіргі жүйесі Ресейге үнемі қауіп төндіреді, сондықтан Украинаның саяси режимін толығымен өзгерту керек деп айтқан. Оның басқа нұсқадағы қисынсыз сөздері де көп.

Осындай айып тағылып іздеу жарияланғандарды атасақ, арасында Ресей Федералдық Жиынының Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко, Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу, Ресей Сыртқы істер министрлігінің Ақпарат және баспа департаментінің директоры Мария Захарова бар. Бұл кісілер Украина арнайы қызметінің жіті назарында. Орайы келген жерде қолға түссе қамауға алуға дайын. 

Іздеудегі кемі 700 ресейліктің бәрін атау мүмкін емес. Олар шенеуніктер, соның ішінде Госдума мен Сенат депутаттары, Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері, әскерилер, тағы басқалар. Айналып келгенде бәрі де Ресей билігінің өкілдері. 700-ден астам адамның үстінен Украина Қылмыстық Кодексінің 110 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап елдің территориялық тұтастығына және қол сұғылмауына нұқсан келтіру әрекетін қарастырады. Заңда мұндай әрекет жасаған адамға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Іздеу жарияланғандардың қатарында Ресей әскерінің соғыс аумағындағы қолбасшысы Сергей Суровикин де бар.

Украина іздеу жариялаған жүздеген шенеунік пен саясаткердің ішіндегі кейбірін атап кетудің реті келіп тұр. Олар – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Николай Патрушев, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков, Федералдық қауіпсіздік қызметінің директоры Александр Бортников, Ішкі істер министрі Владимир Колокольцев, Сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин,  Росгвардияның басшысы Виктор Золотов, Госдуманың төрағасы Вячеслав Володин.

Жақында пайда болған ақпараттардың бірінде Украина Шешенстанның президенті Рамзан Қадыровқа да іздеу жариялағаны келтіріліпті. Мұндай жазба Украина Ішкі істер министрлігінің сайтына түскен.

Өз кезегінде Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі де көптеген украиндыққа халықаралық іздеу жариялады. Тіпті сот арқылы сырттай үкім шығарып та жатыр. Ондай үкімдер ұсталған кездерінде дереу орындалуға жатады.

Федералдық қауіпсіздік қызметі алдымен Украинаның екі әйел шенеунігіне халықаралық іздеу жариялады және Мәскеудің Лефортов сотынан оларды сырттай тұтқындап, үкім шығаруды сұрады.  Екі әйел – Украина үкімет басшысының орынбасары Ирина Верещук және Сыртқы істер министрінің орынбасары Эмине Джапарова. Украина саясаткерлерінің үстінен Ресей Қылмыстық Кодексінің 280 бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап Ресей территориясының тұтастығын бұзу әрекетін қарастырады, тағайындалатын жазасы 10 жылға дейін.

Эмине Джапарова Украина Сыртқы істер министрлігінің халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Еуроодақпен және НАТО-мен өзара қызметтестігіне жауапты, сондай-ақ Қырымды қайтару ісінің жұмыстарын үйлестіреді.

Ал Ирина Верещук үкімет басшының орынбасары ретінде Ресей уақытша басып алған Украина аумақтарын қайта қалпына келтіру мәселелерімен айналысады.  2020 жылы Ресей үкіметі санкция салған 849 Украина азаматының бірі болған. Биылғы жазда Ирина Верещук украиндықтың Ресей төлқұжатын алуы қылмыс жасады деп қаралуы керектігін айтқан. Ал биыл күзде Украина аумақтарын Ресейге қосу туралы референдумға қатысқан украиндықтар 12 жылға түрмеге қамалуы мүмкін екенін айтқан.

Ресейдің іздеу жариялаған адамдарының қатарында өзге де украиналық шенеуніктер, саясаткерлер, әскерилер бар. Бірнеше Украин журналисі де халықаралық іздеу тізіміне іліккен. Солардың бірі әйгілі журналист, блогер Дмитрий Гордон. Оның үстінен Ресейдің Тергеу комитеті бірнеше баппен қылмыстық іс қозғаған. Украинаның тағы бір журналисі Евгений Кисилевке де  Ресей іздеу жариялаған. Ол бұрын Ресейдің НТВ телеарнасында істеген. Кейін қуғын-сүргінге ұшырап, Украинаға кеткен. Осы күні "Украина 24" телеарнасында жұмыс істейді.

Украинаның қауіпсіздік қызметі арнайы құрылғылардың көмегімен Ресей әскерилерінің ұялы телефонмен өздерінің туыстарымен сөйлескен сәттерінің аудиожазбасын түсіретіні белгілі. Сондай телефон әңгімелерінің бірінде Ресей сарбазының тылдағы әйелі күйеуіне украин әйелдерін барынша көбірек зорла деп ақыл бергені жазылып қалған. Бұл әйелдің үстінен Украинаның қауіпсіздік қызметі қылмыстық іс қозғады.   Украина бас прокуроры кеңсесінің хабарлауынша, ресейлік әскери қызметкердің әйелі соғыс заңы мен ережелерін бұзды деп айыпталып отыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ мұндай жаза ол ұсталып, Украинаға экстрадицияланған жағдайда ғана беріледі. Оған  халықаралық іздеу жарияланды. Аты-жөні Ольга Быковская екен. Бұл әйелге "Украина қоғамын жек көруіне байланысты украин әйелдеріне құрметсіздік көрсете отырып, күйеуін Херсон облысындағы уақытша басып алған жердегі әйелдерді зорлауға шақырды" деген айып тағылды.

Ресей басқыншылығы кезінде зорлық-зомбылық оқиғалары Херсон облысында көп тіркелген. Украина ұлттық полициясының мәліметінше, соғыс басталғалы бері Ресей басып алған Украина аймағында 154 зорлау қылмысы тіркелген. Соның 64-і Херсон облысында болған. Барлық оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу