Вахтанг Кикабидзе Путинге қарсы қаймықпай сөйлеген адам

Танымал актер Вахтанг Кикабидзе 15 қаңтарда 84 жасында дүние салды. Марқұм Вахтанг Кикабидзе жайлы айтуымыздың өзіндік себебі бар. Ол Украина мен Қазақстанның досы еді. Ал Кремльдің осы күнгі режимінің қас жауы болып өтті.

Вахтанг Кикабидзе Путинге қарсы қаймықпай сөйлеген адам

Біз Вахтанг Кикабидземен таныс, аралас болған бірер Қазақстан азаматының естелігін сіздермен бөлісуді жөн көрдік. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Қасымхан Бегманов Вахтанг Кикабидземен жиі хабарласып, хал-жағдайын сұрап тұрған екен. Ол кісінің дүние салғаны жайлы естіген ақын Қасымхан Бегманов қайғырып әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

Қасымхан Бегманов, қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы:

"Мұстафа Шоқай жолымен"  экспедициясымен Кавказ бағыты бойынша грузиннің Тбилиси, Кутаиси, Батуми қалаларында болған сапарымда әйгілі екі грузинмен – кезіндегі алып держава – КСРО-ның Сыртқы істер министрі, Грузия мемлекетінің Президенті болған Эдуард Амвросиевич Шеварнадзе мен Грузияның халық әртісі, тамаша киноактёр, кинорежиссёр, кәсіпқой әнші, кешегі Кеңес одағы, бүгінгі ТМД елдеріне танымал өнер иесі Вахтанг Константинович Кикабидземен кездесіп, жақын танысқан едім. Сол сапарда Эдуард Шеварнадзе бізді арнайы өз үйінде қабылдап, ауқымды сұхбат берген".

Вахтанг Кикабидзе Қасымхан Бегмановты өте жақсы қабылдаған, өзінің үйінде қонақ еткен. Содан кейін ақын мен актер жиі хабарласып тұрыпты. "Көпке дейін  ара-тұра хабарласып тұрдық. Кезінде Ресейдің мемлекеттік марапатынан бас тартқанына бүкіл дүниежүзі риза болды. Сол тұста арнайы хабарласып ризашылығымды айтқанмын" – дейді ақын. Әйгілі әртістің "Әлемнің қай түкпірінде жүрсең де хабарласып тұр"  деп өз  қолтаңбасымен жазған тілегі ақынның жеке архивінде әлі сақтаулы екен. Осы кездесулер мен алынған сұхбат туралы ақынның "Мұстафа Шоқай жолымен" атты тарихи-деректі, сапарнамалық кітабында жазылған.

Вахтанг Кикабидзенің қазақ халқына және қазақтың ұлы перзенті, бостандық жолында өмірін сарп еткен Мұстафа Шоқайға, оның өмірі мен қызмет жолын зерттеп жүрген қазақ ақынына деген құрметінің қандай болғанын осының өзінен көреміз.

Актердің Қазақстанмен қарым-қатынасы тығыз болды. 2007 жылы Алматыға келгені бар. Сондағы бір сөзінде "Мен жартылай қазаққа айналған шығармын. Мұнда жиі-жиі келіп тұрамын. Грузин және қазақ халқы бір-біріне өте ұқсас, екеуі де қонақжай" – деп ағынан жарылды. Айтуына қарағанда, сол тұста үйінде қазақтың 11 шапаны ілулі тұрған екен. Әр келгенінде оны қазақы шапан жауып құрметтеп шығарып салу дәстүрге айналған еді.

Осы күні "Егемен Қазақстан" басылымында қызмет істейтін танымал журналист Талғат Батырхан Вахтанг Кикабидземен сонау 1980-ші жылдардың басынан бері таныс болған екен. Өзі студент кезінде Кикабидзеден сұхбат алған. Араға уақыт салып, 1999 жылы Кикабидзе Астанаға келіп екі ай болыпты. Сонда елге концерт берген. Журналист Талғат Батырхан арнайы барып жолыққан, әңгіме құрған және сұхбат алған. Кейін Тбилисиге жолы түскенде актермен тағы жолыққан. "Үйі екі қабатты екен, іші толған – антикварлық заттар, көненің көзіндей дүниелер. Кикабидзе сол кезде Әзірбайжанның бір фильміне түсіп жатыр екен. Уақыты тығыз. Соған қарамастан: "Қазақ достарыма менің есігім әрқашан да ашық" - деп, бізді жылы шыраймен қарсы алды", – дейді кейін журналист.

Мұнда да Кикабидзенің қазақ халқына деген ізет-құрметін көреміз. Кикабидзе қазақ халқын көп қиыншылықты көрген, геноцидті бастан кешірген, енді емін-еркін дамуға лайық деп қарағаны байқалады. Украинаны да дәл осындай көзқараспен жақсы көрген сияқты. Ресей Украинаға басып кіре салысымен Владимир Путинге қарсы талай өткір сөзді қаймықпай айтқан адам. Украинаның жеңетінін болжап, бақыншылардың жеңілетінін айтты. Ал украиндықтарға жігер мен төзім және жеңіс тіледі.

Кикабидзенің Путинмен бұрыннан жұлдызы қарсы. 2013 жылы Мәскеуде "Мы едины" деген мерекелік концерт өтетін болып, оған Кикабидзе де шақырылған еді. Концерттің мақсаты Путиннің бағдарламалық тұғырнамасын елге насихаттау екенін бірден аңғарған актер концертке қатысудан ашық түрде бас тартты. Актер сол кездің өзінде-ақ Кремль саясатының КСРО-ны көксейтінін байқапты.

Елімізге дос болып өткен атақты актердің топырағы торқа болсын.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін