Жемқорлар "Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан" дегенге пысқырмайды

1245

Еліміз жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың әрекеттерінен көз ашпайтын болды. Қаншасы әшкере болып, сотталып жатса да жемқорларға дауа жоқ болып тұр. 

Жемқорлар "Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан" дегенге пысқырмайды

Жемқорлар қоғамның Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деген бастамаларына пысқырып та қарамайды, парақорлықтан тазару, түзелу деген ниеттері де байқалмайды. Олай дейтініміз – жемқорлық фактілері өте көп. Ал ұсталмай жүрген құныққан жемқорлар одан да көп.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалидың Мемлекет басшысына берген есебіне қарағанда, биылғы жылдың алғашқы үш айында 500-ден астам жемқорлық қылмысы тіркелген, 400-ден аса тұлғаның жемқорлық әрекеті әшкереленген. Сол әшкере болғандардың 53-і әр түрлі деңгейдегі басшылар екен. Үш айда жарты мың рет жемқорлық әрекеті тіркелуі аз емес болса керек. Осы үш айдың ішінде болған жемқорлық оқиғалары мен сот процестерінің кейбіріне тоқтала кетсек еліміздегі жемқорлық ахуалының жалпы нобайы қандай екенін көз алдымызға келтіре аламыз.

Ақтөбе облысы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің №4 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы қармаққа түсті. Себебі ол медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту кезінде мүгедектерден мүгедектік мерзімін белгілеу және ұзарту үшін бірнеше рет жалпы сомасы 1 миллион 200 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. Тергеу соты күдіктіні "электрондық білезікті" қолдану арқылы "үйқамақ" түріндегі бұлтартпау шарасына санкциялады. Ақтөбе облысында патрульдік полиция ротасының командирі мен сол ротаның аға инженері сотталды. Оларға жымқыру жолымен 100 млн теңгеден астам сомаға жанар-жағар май талондарын ұрлаған деген айып тағылды. Екеуі де жеті жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Тараз қалалық сотының төрағасы сотталды. Сот оны үш жылға бас бостандығынан және мемлекеттік салада қызмет ету құқығынан айыру туралы үкім шығарды. Материалда бұрынғы судья сатып алу-сату мәмілесін және меншік құқығын жарамды деп тану туралы азаматтық іс бойынша оң шешімге жәрдемдескені үшін азаматтан алдау жолымен 1 млн теңге мөлшерінде ақшалай қаражат алды делінген.

Елордада "Астана-Зеленстрой" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры мен "Табиғат-Сервис НС" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  директорының орынбасары аса ірі көлемде айыппұл төлеу жазасына кесілді.  Біріншісі жасыл екпелерді күтіп ұстау бойынша артықшылық бергені және орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін екіншісінен 9 млн теңге пара алу фактісі бойынша іс қаралды. Сот "Астана-Зеленстрой" басшысының мойнына 185 млн теңге айыппұл салды. Ал "Табиғат-Сервис НС" мекемесі басшысының орынбасарына 135 миллион  теңге көлемінде айыппұл салынды.

Пара алғаны үшін сот шешімімен "Алматы жылу желілері" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры 560 млн теңге, бас инженері 560 млн теңге, күрделі құрылыс басқармасының бастығы 560 млн теңге, ал пара бергені үшін "СпецКоммунСтрой" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры 400 млн теңге айыппұл төлеуге жазаланды. Арқалаған айыппұлдарының жалпы сомасы 2 млрд 80 млн теңгені құрады. Бұл 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең. Алдыңғы үшеуі жылу желілерін қайта құру туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша қаражатын аударғаны үшін соңғы төртіншісінен 16 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.

Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқарма басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушыға 96 млн теңге айыппұл салынды. Өйткені ол қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау мақсатында бір мекемеге  жер бергені үшін 5 млн теңге, ал мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша көрсеткен қамқорлығы үшін тағы бір мекемеден 3 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталған. Пара берген мекеме басшыларының біріне 73 млн, екіншісіне 64 млн теңге айыппұл салынды. Ортада болған бір делдал да сотталып, оның мойнына 32 млн теңге айыппұл ілінді. Астанада кәсіпкерлер мен мемлекеттік аудиттің лауазымды тұлғасы сотталды. Әзірбайжандық кәсіпорынның екі өкілі мен қазақстандық бір кәсіпкерге қатысты іс қаралды. Олар мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындыларын қайта қарағаны үшін Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің лауазымды тұлғаларына пара берді деген күдікке іліккен. Үш кәсіпкер сот үкімімен 6 жылдан бас бостандықтарынан айырылды. Екі ортада пара беруге итермелеген екі адам да 7 жылдан арқалап кетті. Ал адамдар тобында бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін ішкі мемлекеттік аудит департаментінің маманы кінәлі деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Аудит маманының тұтқиылдан киліккен туысы сот тергеу әрекеттерін жүргізуге белсенді түрде кедергі келтіргені, билік өкілдеріне зорлық көрсетіп, істің заттай дәлелдемелерін жасырғаны үшін 2 жыл, 6 айға бас бостандығы шектелді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу