"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлерден 212 өтініш келіп түсті

1423

"Дарын"  мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлерден  212 өтініш келіп түсті

2017 жылғы 26 қыркүйек күні ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде "Дарын"  мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлердің өтініштерін қарау жұмыстары басталды. Құжаттарды қабылдау науқаны аяқталды, "Дарын" жастар сыйлығына үміткерлерден жалпы саны 212 өтініш келіп түсті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

"Эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы" номинациясы бойынша  43, "Спорт" номинациясы бойынша- 35, "Әдебиет, театр және кино" бойынша - 28, "Журналистика және қоғамдық қызмет" номинациясы бйоынша- 41,  "Дизайн және бейнелеу өнері" номинациясы бойынша-13, "Ғылым"- номинациясы бойынша- 52 өтініш түскен.

 "Эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы"  бөлімі бойынша Комиссия отырысы болып өтті. Комиссия құрамында  Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры- Айман Мусаходжаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі- Майра Ілиясова және ҚР мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері- Айтжан Тоқтағанов болды.  

Сондай-ақ "Спорт" бөлімі бойынша да комиссия отырысы өтті. Оның құрамына Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты- Ольга Шишигина, Спорттық күрес ассоциациясының вице-президенті Юрий Мельченко және ҚР мәдениет және спорт министрлігі,  Спорт дене шынықтыру істері комитеті,  спорт резерві және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Дәурен Жүсіпназаров  кірді.

Сыйлық алуға ұсынылған кандидатураларды комиссия екi кезеңде қарайды.  Екінші кезеңде комиссия сыйлық беру туралы шешiм қабылдайды.

"Дарын" жастар сыйлығы Қазақстан Республикасының үкіметінің қаулысымен беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын алуға 29 жасқа дейінгі, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар үмітті бола алады.

Сыйлыққа ие болған жеңімпазға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты" атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi. Сыйлықтар салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орай  марапаттау рәсiмiнде табысталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу