"Казцинк" өзіне қажет мамандарды колледжде дайындауды қолға алады

963

"Казцинк" өзіне қажет мамандарды колледжде дайындауды қолға алады

Облыстық білім басқармасы мен "Казцинк" ЖШС техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадрларды бірлесіп даярлау жөніндегі меморандумға қол қойды. Қанатқақты жобаның аясында биыл 100 оқушы Риддер аграрлы-техникалық колледжінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп шығады, деп хабарлайды altaynews.kz.

"Бұл жоба шағын болғанымен өте маңызды, әсіресе, әлі қандай мамандық таңдарларын білмей жүрген жастар үшін. Облыс әкімінің қолдауымен 2017 оқу жылында 100 техникалық маманды даярлап шығару үшін бюджеттен 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Негізінен тау-кен, кен байыту салаларына қажетті мамандар әзірленеді", — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаровтың айтуынша, 2017-2018 оқу жылдарында облыста колледждерде білім алуға алты мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінген.

"Казцинк" кәсіпорны біздің бұрыннан келе жатқан серіктесіміз. Барлық гранттардың төрт жарым мыңы жергілікті бюджеттен, 1700 орын республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Үстіміздегі оқу жылында 210 бала "Серпін" бағдарламасымен мамандық меңгеріп шықпақ. Аталмыш бағдарлама бойынша барлығы 400-ден астам жас білім алып жатыр. Бітіріп шыққан 20 түлек қазір "Казцинк" кәсіпорнының Риддердегі өндіріс орындарында жұмыс істейді", — деді басқарма басшысы.

"Казцинк" ЖШС-нің әкімшілік мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев кәсіпорынға ең алдымен кен-байыту және металлургия саласының мамандары қажеттігін жеткізді.

"Риддер қаласының әрбір бесінші тұрғынының тағдыры біздің өндіріспен байланысты. Сол себепті келешекте шаһарды дамытуға қатысты да ойларымыз бар. Ең бастысы – бұл жерде Қазақстанның еш жерінде жоқ ерекше оқу орталығы бар. Онда арнайы жабдықталған кабинада отырған оқушы өз бетімен жүретін машинаны басқарып, дағдыланады. Құрал-жабдық шахтадағы іс-қимылдарды толық қайталайды. Барлық іс-әрекеттер экраннан 3D кескінінде көрінгендіктен, студент өзін шахтада жүргендей сезінеді. Соның нәтижесінде оларға кейін өндірісте жұмыс істеуге жеңіл болады", — деп түсіндірді Андрей Лазеров.

Кәсіпорынның өкілінің сөзіне қарағанда, оқу орталығының басты жетістігі – жас мамандарды өндірісте пайдаланылатын барлық жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге үйретіп шығарады. Қазіргі таңда өндіріс құрал-жабдықтарының 90 пайызы жаңартылған. Жас мамандар сонымен қатар IT технологиясын да толық меңгеріп шығады.

Меморандум аясында білім алып шыққан жастар тек Казцинк компаниясында ғана емес, сонымен қатар "Казминералс" сияқты кәсіпорындарда да жұмыс істей алатын болады. Алдағы уақытта бұл жобаны Өскемен қаласында жүзеге асыру да жоспарда бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу