"ҚазТрансОйл" дивидендтерді төлеу мерзімін бекітті

806

"ҚазТрансОйл" дивидендтерді төлеу мерзімін бекітті

24 мамыр күні "ҚазТрансОйл" АҚ басқарма төрағасы Димаш Досанов және басқарма мүшелерінің қатысуымен "ҚазТрансОйл" АҚ акцинерлерінің жылдық жалпы жиналысының (АЖЖЖ)  қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Димаш Досанов журналистерді АЖЖЖ шешімдерімен, компанияның 2017 жылғы қызметінің қорытындылары және даму келешегімен таныстырды. 

АЖЖЖ-да компанияның 2017 жылғы таза кірісін, өткен жылдардағы бөлінбеген табыстарын бөлу тәртібі бекітілді, қарапайым акциялар бойынша дивидендтер төлеу шешімі, бір қарапайым акцияға есептелетін дивиденд мөлшері жайлы шешімдер қабылданды.  

"Акционерлердің шешімімен 2017 жылғы қорытындылар бойынша дивидендтерді төлеуге Қазақстан қор биржасында компания акцияларын жария түрде орналастырудың барлық кезеңіндегі рекордты сома, яғни 61 млрд 541 млн теңге бағытталатын болады. Ол 2017 жыл үшін таза табыс 50 млрд 118 млн теңге және өткен жылдардағы бөлінбеген 11 млрд 423 млн теңге", - деп атап өтті Димаш Досанов.

Бір қарапайым акция үшін төленетін дивиденд көлемі 160 теңгені құрайды, немесе орналастыру бағасына 22 %.   

Салыстыру үшін 2017 жылы ҚазТрансОйл өз акционерлеріне 59 млрд 617 млн теңге көлемінде дивиденд төлеген. Бір қарапайым акция үшін дивиденд 155 теңгені құраған.

Жылдық дивидендті төлеу 2018 жылғы 12 маусым 00 сағат 00 минуттағы жағдай бойынша тіркелген 2017 жылдың қорытындыларына сәйкес компанияның қарапайым акциялары бойынша дивиденд алуға құқығы бар акционерлер тізіміне сай жүргізіледі. Дивидендтерді төлеу 2018 жылғы 26 маусымнан басталады.

2017 жылдың қорытындысы бойынша компания табыстылығын оның осы кезеңдегі  өндірістік және қаржылық жетістіктері  анықтады.

 2017 жылы "ҚазТрансОйл" компаниялар тобының құбыр жүйесі бойынша мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау мен ауыстырып тиеудің шоғырландырылған көлемі 58 млн 537 мың тоннаны құрады, ол 2016 жылғы көрсеткіштен 1 млн 961 мың тоннаға көп. Мұнайдың шоғырландырылған жүк айналымы 48 млрд 360 млн тонна-километр көлемін құрады, ол 2016 жылғы көрсеткіштен 5 млрд 230 млн тонна-километрге артық. "Астрахань-Маңғышлақ" су құбыры бойынша Қазақстанның Атырау және Маңғыстау тұтынушыларына тұщы су беру 2017 жылы 26 млн 225 мың текше метрді құрады, бұл 2016 жылғы деңгейден 1 млн 92 мың текше метрге көп.

Компанияның 2017 жылғы шоғырландырылған табысы 222 млрд 449,9 млн теңгені құрады, бұл  2016 жылғы сәйкес көрсеткіштен 7,4 % жоғары. "ҚазТрансОйл" АҚ-ның шоғырландырылған таза кірісі 2017 жылдың қорытындысы бойынша 50 млрд 117,9 млн теңгені құрады. Ол 2016 жылғы қорытындыдан 12,6%-ға көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу