"Шатқал" жобасы аясында 81 мың түп көшет егілді

889

"Шатқал" жобасы аясында 81 мың түп көшет егілді

Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік орман қорының жері 3 млн 132 мың гектарды құрайды. Орман қорынан бөлек, елді-мекендерді көгалдандыру мақсатында "Шатқал" жобасы аясында былтыр Шымкент қаласындағы 125 гектар аумақтағы 7 шатқалда 81 мың түп көшет егілді.  Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ильяс Құрамысов мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетерлігі, өңірде 2017-2021 жылдарға арналған "Шатқал" іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарланған бес жыл мерзім ішінде облыста 37 мың гектар жерге 15 млн түп түрлі ағаш көшеттері отырғызылатын болады.
"Шатқал" жобасы қажетті көшеттер орман шаруашылығы мекемелеріндегі тұқымбақтары есебінен қамтамасыз етіліп отыр. 2017 жылы осы тұқымбақтардан аудан, қала әкімдіктеріне 480 мың дана көшет берілсе, ағымдағы  жылы 2 млн-ға жуық түп көшет алынатын болады", - деді Ильяс Шойбекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, орман жерінде мекен ететін жануарлар дүниесін қорғау бойынша күзет қызметкерлерімен бірқатар іс-шаралар атқарылған. 2017 жылы 800-дей рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 340 заң бұзушылық фактілері анықталған. Нәтижесінде 3,2 млн. теңгеге әкімшілік айыппұл салынып, бүгінгі таңда оның 2,7 млн.теңгесі өндірілді. Сондай-ақ, облыста жануарлар дүниесін сақтап қалу және өсімін молайту мақсатында 2017 жылы жаңадан 5 тұқымбақ құрылған.  Бүгінгі күні аң-құстарды алып келу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай шаралар республика бойынша тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана іске асырылып отыр.
Сонымен қатар, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі ережесі талаптарын сақтау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жылда орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің қатысуымен тактикалық оқу-жаттығулар өткізіледі.                  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу