1,5 млн қазақстандық несие берешегін уақытылы төлей алмай жүр

381

Борышкердің несиені өтеуде қаржылық мүмкіндігі болмаса, оның несиесі қайта құрылымдалады.

1,5 млн қазақстандық несие берешегін уақытылы төлей алмай жүр Фото: inbusiness.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдарымен осы мәселені пысықтап жатыр. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Тілшілер "Несие беруде қандай шектеулер енгізілуі мүмкін?" екенін сұрады.

"Біз банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлық агенттіктерге 90 күннен кешіктірілген несиесі бар қарыз алушылар бойынша бағалау жүргіздік. Статистикаға сәйкес, біз шамамен 1,5 млн адам өзінің несиелік берешегін уақытылы төлеуде қиындықтары бар екенін анықтадық. Олардың банктерде, микроқаржылық ұйымдарда несиесі бар, қарыздардың бір бөлігі коллекторлық агенттіктерге өтіп кеткен. Біз барлық қаржы институтымен жеке жоспар жасадық. Біз нақты қарыз алушылардың тізімін белгілеп, банктер мен микроқаржылық ұйымдар әрбір қарыз алушы бойынша борыштық жүктемені қалай төмендететінін анықтадық. Оның бірнеше жолы бар. Егер қарыз алушының қаржылық мүмкіндігі жоқ екенін көретін болсақ, онда банктермен, микроқаржылық ұйымдармен осы мәселені пысықтап, осы несиені қайта құрылымдау үшін жұмыс жүргізетін боламыз. Қарыз алушының қаржылық мүмкіндіктері болса, банктердің бұл несиелерді қайта құрылымдауы бағытында пысықтаймыз", - деді ол.

Олжас Қизатов 2024 жылдың соңына дейін тиісті жұмыс жүргізілуі тиіс екенін баса айтты.

"Бұдан бөлек агенттік адамның бір қаржылық ұйымда проблемалық несиесі, яғни мерзімі өткен несиесі болса, онда заңнамалық тұрғыдан жаңа несие ресімдеуіне тыйым салуды енгізгіміз келеді. Бұдан бөлек тұтынушылық қарыздардың жоғары сомасын шектегіміз келеді. Тұтынушылық қарыздар 100 млн теңгеден астам, кейде 1 млрд теңгеге дейінгі сомаға беріліп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан халқының несиелік борышын арттырмау үшін тұтынушылық қарыздардың ең жоғары сомасының шектеуді жоспарлап отырмыз", - деп толықтырды спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу