Ол – ауыл шаруашылығы өкілдерін алдын ала қаржыландыратын маңызы зор бағдарлама, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен қаржы институттарының алдына көктемгі егіс жұмыстарын уақытында қолға алу туралы міндет жүктеген еді. Осыған орай биыл "Кең дала 2" бағдарламасына өтінім қабылдау 2025 жылдың 1 қазанынан басталмақ.
– Басты мақсат – ауыл шаруашылығы өкілдерін алдын ала қаржыландыру. Бұл жаңа ауыл шаруашылығы маусымына тиянақты дайындалуға, жанар-жағармайды қолайлы бағамен сатып алуға, тыңайтқыш алуға, техниканы жөндеуден өткізуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға жол ашады, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Шыны керек, дәл осы кезеңдегі қаржылай қолдау – егіс науқанын табысты өткізу үшін шешуші фактор. Ерте қаржыландыру тетігі 2024 жылдың қараша айында іске қосылып, бірден жоғары сұранысқа ие болған еді.
Бағдарлама шеңберінде жылдық 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесі ұсынылады. Бастысы, кепіл мүлік мәселелесін шешудің де ыңғайлы әрі тиімді жолы қарастырылып отыр. Демек, қажет болған жағдайда, қарыз сомасының 85%-ына дейін "Даму" қоры кепілдік береді.
Қаржыландыру республика бойынша "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның ауқымды филиалдық желісі және серіктес қаржы институттары арқылы жүзеге асырылады.
2022 жылы "Кең дала" бағдарламасына 140 миллиард теңге бөлінсе, биыл 700 миллиард теңге жоспарланған. Оның 500 миллиард теңгеден астамы қазірдің өзінде игерілген.
Айта кетейік, "Кең дала 2" бағдарламасына қатысуға өтінім беру үшін сала өкілдері "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның аймақтық филиалдарына жүгінуіне болады. Толық ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан және Call-орталықтың байланыс нөмірлері бойынша алу мүмкіндігі қарастырылған.