"Отандық продюсер Баян Алагөзова Халық әртісі, "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған танымал актриса Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 млн теңгеден төлеп отыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында бейнеүндеу жариялады. Белгілі продюсер "Қыз Жібек" фильміндегі қамзолдың тағдырын халық пен құзырлы органдар шешетінін айтты. Оның сөзінше, ерте ме, кеш пе, бұл ұлттық құндылықты музейге тапсырады. Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға Қазақстан өнеріне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
"Құрметті Меруерт апай, сізге арналған шағын ғана сыйлығымды табыстағым келеді. Мына тонды қабыл алыңыз, сізге ұнайды деп үміттенемін. Сондай-ақ, өзімнің және жұбайымның атынан сізге өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде төлем тағайындағым келеді", – деп атап өтті танымал продюсер.
Баян Алагөзова меценаттарды өнер адамдарына қолдау көрсетуге шақырды.