Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, азаматтардың ақша аударымдары екі негізгі талап бойынша тексеріледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
- Біріншіден, 3 ай қатарынан (қаңтар-наурыз аралығы) 100 түрлі адамнан қаржы түсуі керек.
- Екіншіден, осы кезеңде түскен қаражаттың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асуы тиіс.
Екі талап та бір мезетте орындалған жағдайда ғана адам салықтық бақылауға алынады. Бұл деректерді екінші деңгейлі банктер салық органдарына беріп отырады.
"Біз тек нақты сәйкессіздік анықталған кезде ғана хабарлама жібереміз. Одан кейін оның жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет пе, әлде бұл қайырымдылық немесе басқа мақсаттағы түсім бе соны анықтаймыз. Барлығы ескеріледі. Шоттарды автоматты түрде жабу қарастырылмаған", – деді вице-министр.
Сонымен қатар, Ержан Біржанов "егер аударым сомасы 1 млн теңгеден асса, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек" деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ескертті.