1 мың тоннадан астам импорттық өнім кері қайтарылды

633

15-22 қазан аралығында 1 мың тоннадан астам импорттық өнім Қазақстан шекараларынан кері қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

1 мың тоннадан астам импорттық өнім кері қайтарылды

АШМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл карантинге жатқызылған өнімдер.

"Ресей Федерациясынан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ауғанстаннан, Түркиядан, Молдовадан, Нидерландыдан, Италиядан және Колумбиядан өнімдерді импорттау кезінде барлығы 69 бұзушылық фактісі анықталды. 52 жағдайда Ресей Федерациясынан 689,7 тонна картоп, орамжапырақ, қызылша, қызанақ, пияз, бидай, арпа, жемістер, кептірілген жемістер мен жаңғақтар ассортиментін, Қырғызстаннан 66,4 тонна картоп, орамжапырақ, алма мен алмұрт және Нидерландыдан 170 195 дана гүл кесіндісін әкелу кезінде фитосанитариялық сертификаттар болмаған. 13 жағдайда карантинге жатқызылған өнім межелі пунктте қайталама тексеруге ұсынылмаған. 2 жағдайда карантиндік объектілер анықталды, Өзбекстаннан 18 тонна қызанақты әкелу кезінде "қызанақтың қола тосповирусы" (Tomato spotted wilt virus) және Колумбиядан 640 дана қалампыр әкелу кезінде "батыстың гүл трипсі" (Frankliniella occidentalis) табылды. 2 жағдайда Ауғанстаннан кептірілген жүзімнің 64 тоннасын импорттау кезінде фитосанитариялық сертификатта көлік туралы ақпараттың болмауы түрінде фитосанитариялық талаптарға сәйкессіздік анықталды және Италиядан паллеттерді әкелу кезінде таңбалау болған жоқ", – деп жазылған АШМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманың бұзылуына жол берген тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 400-бабы бойынша әкімшілік материалдар құрастырылып, 3,1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Айта кетсек, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары өсімдіктер карантині саласында 5 мыңнан астам бұзушылықты анықтап, 392,8 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу