Қарағанды облысы Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен айыпталған М.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сотта М.-ның интернет-ресурстарды пайдалана отырып, егде жастағы азаматтардың байланыс деректерін анықтап, оларға қоңырау шалғаны анықталды. Ол өзін таныстырмай, әңгімені бейтарап сөздерден бастап, жәбірленушілерді адастырған.
Қоңырау қабылдаған азаматтар оны шетелде тұратын туысы деп ойлап, сеніп қалған. Осы жағдайды пайдаланған айыпталушы сәлемдеме жеткізу сылтауымен курьер арқылы ақша беруге көндіріп, кейін қаражатты иемденіп кеткен.
Қылмыстық әрекеттердің салдарынан 10 егде жастағы азамат жәбірленуші деп танылып, оларға 50 мыңнан 1 млн 750 мың теңгеге дейін материалдық залал келтірілген.
Сот үкімімен М. кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Прокуратура азаматтарды белгісіз қоңырауларға сақ болуға, ақпаратты тексеруге және ақша қаражатын бөгде адамдарға бермеуге шақырады.