100 мың қазақстандық Ресейде жұмыс істеп жүр

219

Шетелде барлығы 150 мың отандасымыз еңбек етеді. 

100 мың қазақстандық Ресейде жұмыс істеп жүр Фото: canva

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев елдегі жұмыссыздық деңгейіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Журналистер елдегі жұмыссыздықтың көбеюі мен қазақстандықтардың шетелге жұмысқа тұру үрдісіне қатысты сұрақ қойды. 

"Қазір шетелде жұмыс істеп отырған 150 мың қазақстандық бар. Олардың 100 мыңы тек қана Ресей Федерациясында. 15 мыңдай отандасымыз Кореяда еңбек етеді. Олардың ішінде Ұлыбритания бар. Біздің мақсатымыз – азаматтарымыздың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, олар көп баратын елдерге сондай келісімшарт жасасу. Осындай міндетті жұмыстар жасалынып жатыр. Кореяға келсек, EPS жүйесін енгізу үш кезеңнен тұратын процесс. Біз оның бірінші кезеңінен өттік. Екінші кезеңінде қазір келісім талқылану үстінде. Содан кейін үшінші кезеңді осы жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, қазақстандықтардың шетелге жұмыс істеуге кетуіне қатысты түсінік берді.

"Әлемде осындай жағдай қалыптасқан. Бұл тек Қазақстанда емес. Дүние жүзінде жастар шетелге барғысы келеді. Шетелде тіл үйреніп, белгілі бір мезгіл сол жақта жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағысы келеді. Сол себепті басқа елдерге қарағанда біздің (шетелде жұмыс істеп жүрген) азаматтар саны көп емес. 150 мың – бұл Сыртқы істер министрлігінің берген ақпараты. Ол азаматтарымыз жұмыс істеп, болашақта Қазақстанға қайтып келеді. Олар жақсы мамандар болып оралады. Әлемде осындай үрдіс бар. Біздің елімізде ай сайын жұмыс берушілер 102 мың вакансия жариялайды. Бұл тек порталда ғана. Ол жерде 48 пайыз – жұмысшы мамандықтар, вакансиялар бар. Жалақысы жақсы жұмыстар бар. Біздің елімізде де жұмыс бар", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу