100 мыңнан астам павлодарлық әлі сақтандыру жүйесінде жоқ

Сондықтан олар қажетті ем-домды тегін әрі жедел ала алмайды.

100 мыңнан астам павлодарлық әлі сақтандыру жүйесінде жоқ Фото: Inbusiness.kz

Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандырудың енгізілгеніне бірнеше жылдың жүзі болғанымен, аталған жүйеде әлі де тіркелмеген азаматтар бар. Сондықтан қандай да бір медициналық көмек керек болған жағдайда тығырыққа тірелуі мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы, Павлодар облысында 770 мыңнан астам тұрғын бар десек, оның 404 мыңнан астамы жеңілдігі бар топтарға жатады. Яғни, мемлекет оларды медициналық тұрғыдан сақтандырады. Тағы 205 мың адам үшін жұмыс берушілер ай сайын аударым жасайды. Азаматтардың осы тобы өңірдегі 74 медициналық мекемеде МӘМС аясында қызметтерді тегін ала алады. Мұнда олар үшін заманауи томографиялық аппараттар, магнитті-резонанстық томографтар жұмыс істейді.

"Бірақ өңірде 112 мыңнан астам тұрғын міндетті медициналық-әлеуметтік сақтандыру жүйесінде тіркелмеген. Жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10 мың адамға азайды. Сақтандыруы жоқ тұрғындардың дені Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында тұрады", - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КАҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Жангелді Шайымбетов.

Бұл ретте МӘМС аясында тегін қызмет алатын тұрғындардың кейбірінің емхана жұмысына көңілі көншімейтінін де атап өту керек. Сол себепті таяуда жүргізілген емханаларға тіркеу науқаны аясында 13 746 адам емдеу мекемелерін ауыстырды. Бұл науқан облыс орталығындағы №3 емхана мен Almaz Medical Group медициналық ұйымында қаралуды қалайтындардың қатары қалың екенін көрсетті. Ал №5 емхана мен "Viamedis" медициналық мекемесінен кеткендер көп.

Айта кетейік, облыстағы емханаларда барлығы 770 155 адам тіркелген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу