Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құру жобасына 111 млн теңге бөлінді

542

Бұл ақпаратты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов хабарлады.  

Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құру жобасына 111 млн теңге бөлінді Фото: kazpravda.kz

2026 жылы республикалық бюджеттен қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құру жобасына 111 млн теңге бөлініп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Депутаттың айтуынша, қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры жобасы 2026 жылы іске қосылады. Арнайы заң өткен жылы қабылданып қойған.

"Бұл – қазақ тілінің барлық лексикалық қазынасын біріктіретін заманауи ақпараттық жүйе. Бұл қор – қазақ тілінің бірізділігін, қолдауын қамтамасыз ететін маңызды құрал", – деп жазды Аймағамбетов.

Оның пікірінше, бастама мемлекеттік тілдің цифрлық дамуына үлкен серпін береді.

"Әртүрлі салалардағы – құқықта, білімде, ғылымда, технологияда – қолданылатын терминдер мен сөздердің мазмұны мен жазылуын біріздендіру үшін бұл қор біртұтас, жүйеленген, ресми цифрлық лексикалық база рөлін атқарады. Ол білім беру, аударма, мемлекеттік құжаттар, жасанды интеллект жүйелері мен бағдарламаларда қазақ тілінің дұрыс әрі стандартты қолданылуын қамтамасыз етеді", – деп өз ойымен бөлісті. 

Сонымен қатар төменгі палата депутаты келер жылы Республикалық физика-математика мектебіне (РФММ) бөлінетін қаражат ұлғайғанын атап өтті.

"РФММ – еліміздегі ең мықты мектептердің бірі. Бірақ басқа мектептермен салыстырғанда оның қаржыландыруы төмен. Әсіресе, тамақтану мен интернаттағы балалардың жағдайы қиын. Кейінгі жылдары мектеп тек ақылы қызмет есебінен жұмысын ұстап келген. Сондықтан біз 1,6 млрд теңге бөлуді қолдадық – мұғалімдердің еңбекақысын төлеу және оқушылардың тамақтануы мен тұру жағдайын жақсарту үшін", – деп жазды депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу