Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 114 жыл толды

137

Алматы мен Таразда Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.  

Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 114 жыл толды Фото: gov.kz

Бүгін, 12 қаңтарда қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеге келгеніне 114 жыл толып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, дипломат, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толуына орай тағзым ету шарасы өтті.

Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, Халықаралық Д. Қонаев қорының президенті Эльдар Қонаев, М. Әуезов музейінің директоры Дияр Қонаев, Дінмұхамед Ахметұлының қызметтестері мен туған-туыстары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Шара барысында сөз сөйлеген Эльдар Асқарұлы: "Бүгін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толып отыр. Ол – еліміздің дамуы мен қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Оның ерен еңбегі мен мемлекетшіл болмысы Қазақстан тарихында айрықша орын алады", – деп атап өтті.

Сондай-ақ іс-шара аясында РМК "Ғылым ордасы" академиясы атынан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа қатысты барлық ресми құжаттар Д. А. Қонаев музейінің қорына табысталды. Бұл құнды мұра ұлы тұлғаның саяси, ғылыми және қоғамдық қызметін тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.

Жамбыл жұрты да ел тарихында өшпес із қалдырған тау тұлғаның жарқын бейнесін еске алып, рухына тағзым етті.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толуына орай облыс орталығы – Тараз қаласындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық және қалалық мәслихаттардың, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен белсенді жастар қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу