12 сәуірде Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуы өтеді

338

Бұл туралы Халықаралық Қаныш Сәтбаев қоры хабарлады.

12 сәуірде Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуы өтеді Фото: Халықаралық Қаныш Сәтбаев қоры

Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына санаулы күн қалды. 12 сәуір – Ұлт мақтанышы, Қазақ Елінің қазына байлығын ашушы, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні және осы датаға орайластырылған Ғылым қызметкерлерінің күні, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

12 сәуір күні Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын жыл көлемінде атап өту рәсімінің ресми ашылу салтанаты өтеді. 

ҚР Үкіметі бекіткен ғалымның мерейтойын атап өтуге арналған Жалпыреспубликалық жоспар өткен жылы бекітілген. Осы құжат аясында 12 сәуір күні, сағат 14.00-де Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев көшесі бойындағы академиктің зәулім ескерткішіне ("Қазақстан" спорт кешені маңы) гүл шоқтары қойылады және  осы ескерткіш алдына  ғұлама Мәшһүр Жүсіптің жас Қанышқа 22 жасында берген Батасы жазылған гранит белгітастың ашылу салтанаты өтеді.

Шараға ҚР Үкіметінің мүшелері, Сенат және Мәжіліс депутаттары, министрлер мен қала және аймақ әкімдері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы басшылығы мен Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Еуразия Ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамы және қала тұрғындары қатысады деп күтілуде.

Айта кету керек, Қаныш Сәтбаев – есімі мемлекет тарихында алтын әріппен жазылған Ұлттың біртуар перзенті, ЮНЕСКО деңгейінде 100-жылдығы тойланған аса көрнекті геолог-ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасыр ғұламасы.

Ғұлама-ғалымның мерейтойын атап өтуге арналған ҚР Үкіметінің Жалпыреспубликалық жоспары аясында биыл республикалық және халықаралық деңгейдегі 50-ден астам іс-шара өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу