13 ақпаннан бастап жолға жүргізуші куәлігінсіз шығуға болады

1105

ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев 13 ақпаннан бастап еліміздің азаматтары көлікті тиісті құжаттарды алып жүрмей-ақ, тек жеке куәлікпен жүргізе алатынын еске салды.

13 ақпаннан бастап жолға жүргізуші куәлігінсіз шығуға болады

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойған болатын. 2019 жылғы желтоқсанда Президент жүргізуші құжаттарын ақпараттық жүйелер арқылы тексеру, жүргізушілерге құжаттардың қағаз нұсқаларын өзімен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік беру туралы мәселені көтеріп, ІІМ-не заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды. Жаңа заң биылғы жылдың 13 ақпанынан бастап күшіне енеді.

"Бұрын Қазақстанда жүргізуші құжаттарының бірінің жоқтығы үшін ескерту (егер алғаш рет болса) немесе 5 АЕК айыппұл қарастырылған болатын. Енді жүргізушілерге көлікті жүргізген кезде өзімен бірге тек бір ғана құжат - жеке басын куәландыратын куәлікті алып жүру жеткілікті",– дейді Ерлан Тұрғымбаев әлеуметтік желідегі жазбасында.

Оның сөзінше, Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты полицей планшет арқылы тексереді. Ал Интернет желісіне қолжетімділік жоқ елдімекендерде және тас жолдарда тексеру радиобайланыс арналары арқылы жүзеге асырылатын болады. Жаңа нормалардың қазақстандық жүргізуші куәлігі жоқ шетелдіктерге және Қазақстанда тіркелмеген көлік басқарушыларына қатысы жоқ.

"Жүргізушілердің құжаттарын өзімен бірге алып жүру және жүргізуші құжаттарын ұсыну міндетін алып тастау – бұл заманауи технологиялық "сервистік" полицияны дамытуға бағытталған тағы бір қадам",– дейді министр.

Фото: polisia.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу