14 күнде санитарлық талаптарды сақтамаған небары үш нысан анықталды

811

Ал мониторингтік топтар 2,4 мың нысанды тексерді.

14 күнде санитарлық талаптарды сақтамаған небары үш нысан анықталды Фото: Валерий Бугаев

Жыл басталғалы Павлодар облысындағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екі апта аралығында 849 тұрғынның коронавирустық инфекцияны жұқтырғаны белгілі болды. Яғни, қауіпті індетке шалдыққандардың саны 21,3%-ға өсті. Осы уақыт аралығында барлығы 24 мың ПТР-тест жасалды. Қазіргі күні инфекциялық госпитальдер мен ауруханаларда 472 адам ем қабылдауда. Алты науқастың жағдайы өте ауыр. Оның екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды.

Аймақтың бас дәрігері Айдар Сейітқазиновтің пайымынша, вирустың кеңінен таралуына тұрғындардың өздері кінәлі. Олар жаңа жылдан кейінгі мекерелік күндерде сауда үйлері, басқа да адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарға, бір-біріне қонаққа барып, індеттің белең алуына түрткі болды.

Бұл ретте тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтауын бақылауы тиіс мониторингтік топтардың жұмысы да мардымсыз болып тұр. Өткен жылдың қараша айында олардың саны екі есеге көбейіп, 118-ге жеткен еді. Бірақ жыл басынан бері жүргізген тексерістерінің нәтижесі көңіл көншітпейді. Екі апта ішінде 235 рейдке шығып, 2,4 мың нысанды тексергенмен, санитарлық талаптардың бар-жоғы үш нысанда сақталмағанын анықтады. Бұл бизнес, басқа да нысандардың қауіпсіздік ережелерінің толыққанды сақталуының емес, мониторингтік топтар жұмысының немқұрайлығын көрсетеді.

"Мониторингтік топтардың жұмыстары нөлге тең. Нысандардың барлығында бірдей талаптардың сақталмай отырғанын көріп жүрміз. Қоғамдық көліктер жолаушыларға лық толы. Мұны тұрғындар да жақсы біледі. Жоғарыда аталған топтар осының барлығын ескеріп, тиісті шараларды қабылдап, жұртшылықты ауру ошақтары туралы хабардар етудің орнына жүктелген міндетке атүсті қарап отыр", - дейді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Сондықтан өңірдегі мониторингтік топтардың жұмыстарын талдап, олардың өздерінің істерін бақылауға алу қажет болып тұр. Әйтпегенде, қауіпті індет ошақтарының азаяр түрі жоқ. Карантиннің жеңілдеуі нәтижесінде жұмысын қайта жандандырған бизнес нысандары да эпидемиологиялық жағдайды ушықтырмас үшін талаптарды қатаң сақтауға тиіс. Ал өңір тұрғындарына коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салу ісі ақпан айының соңында басталады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу