149 млрд теңгеге 76 гидротехникалық нысан салынады

770

Қаражаттың бір бөлігі халықаралық банктерден қарызға алынбақ.

149 млрд теңгеге 76 гидротехникалық нысан салынады

Ел аумағында су шаруашылығына қажет 76 нысан бой көтереді. Бұл туралы Экология, геология  және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

"Қазақстанда құны 149 млрд теңгені құрайтын 76 жаңа су шаруашылығы нысаны іске қосылады, 46 нысанның құрылысы республикалық бюджеттің есебінен жүзеге аспақ. Оның жалпы құны 79 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, Еуропалық даму және қайта құру банкі мен Ислам даму банкінің заемы арқылы 30 нысан пайдалануға берілмек", – деп жазылған министрлік мәліметінде.

Бұл қаражат мынадай тәртіппен игерілмек. "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында бюджет есебінен 16 жоба жүзеге асады. Оның жалпы құны – 32,2 млрд теңге. Биыл құрылысы жүргізіліп жатқан 16 нысанның 11-і пайдалануға берілмек. Қалған 5 жоба 2021-2022 жылдар аяқталады.

Еуропалық даму және қайта құру банкінің қарызына Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстары бойынша 24 келісімшарт жүзеге асырылмақ. Олардың жалпы сомасы – 59 млрд теңге. Ал Ислам даму банкінің қарызына Алматы және Түркістан облыстарында 6 жоба жүзеге асырылады. Оның жалпы құны – 44 млрд теңге.

Ресми дерекке сүйенсек, 2016 жылдан бері Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарындағы апатты жағдайда тұрған 20 гидротехникалық нысан қайта жөндеуге берілген. 2016-2019 жылдар аралығында 11 нысан пайдалануға берілсе, қалған 9 нысан биыл іске қосылмақ (Павлодар облысы – 3, ШҚО – 3, Алматы облысы – 1, Түркістан облысы – 1 және Қостанай облысы – 1 жоба). Сондай-ақ, 2021 жылдың соңына дейін Павлодар, Ақтөбе облыстарында тұрақты және милеративті суару жүйесі бойынша 21 жоба іске асуға тиіс.

Қазір құрылысы жүріп жатқан 24 нысанда 314 техника, 705 жұмысшы мен инженерлік-техникалық қызметкер жұмылдырылған. Оның 453-і жергілікті тұрғын. 

"Аталмыш жобалар Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Жамбыл және Павлодар облыстарында жалпы аумағы 155 мың гектар, құны 134,8 млрд. теңге болатын суландыру жүйелерін жаңалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, апатты жағдайда тұрған 20 су қоймасы мен гидротехникалық нысанды қалыпқа келтіреді. Олар негізінен төтенше жағдай орын ала қалған кезде қауіптің бетін сейілтуге арналған. Су бөгеттері 299 601 адам тұратын 40 елдімекенді қорғап, су деңгейін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жинақталған және реттелетін судың көлемі артады", – деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу