15,8 млрд теңге үнемделді: Алматыда артық дәрі-дәрмек сатып алудың жолы кесілді

144

Бұл туралы министр Ақмарал Әлназарова айтты.

15,8 млрд теңге үнемделді: Алматыда артық дәрі-дәрмек сатып алудың жолы кесілді Фото: ҚР ДСМ баспасөз қызметі

Сала басшысы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысына арналған алқа отырысына қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрі дәрілік заттармен қамтамасыз ету ісінде ашықтықты және сатып алу қағидаларының сақталуын қамтамасыз етуді талап етті.

Препараттарды берудің кешігуіне қатысты әрбір өтініштің мән-жайы анықталып, оның себептері зерделенуі, тиісті шаралар қабылданып, пациентке тағайындалған емнің берілуі қамтамасыз етілуі тиіс.

"Медициналық ұйымдардың Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынуға тиіс препараттарды өз бетінше сатып алу фактілеріне де ерекше назар аударылды. Фармация комитетіне Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесіп, мұндай сатып алулардың заңдылығын тексеру тапсырылды.

Сондай-ақ тегін дәрілік заттардың бөлшек сауда желісінде сатылу фактілерін тексеріп, олардың қозғалыс тізбегін және оған қатысы бар тұлғаларды анықтау, ал заңбұзушылықтар расталған жағдайда заңнамада көзделген шараларды қабылдау қажет", – деді Денсаулық сақтау министрі алқа отырысында.

Сонымен қатар дәрілік заттарға деген қажеттілікті қайта нақтылау нәтижесінде 42,5 млрд теңгеден астам сомаға артық сатып алудың алдын алуға мүмкіндік туды. Оның ішінде Алматы қаласы бойынша 15,8 млрд теңге үнемделді.

Алқа отырысында қаржылық тәртіпті нығайту қажеттігі де атап өтілді. Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесінің 2026 жылға арналған бюджеті 393,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сонымен бірге медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 17,66 млрд теңгеге жетті. Жыл басында бұл көрсеткіш 6,12 млрд теңгені құраған.

Министр ТМККК және МӘМС қаражатын пайдалану кезінде шығыстардың ашықтығы, медициналық құжаттаманың дұрыстығы және қаржылық әрі клиникалық нәтижелер үшін ұйым басшыларының жауапкершілігі қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.

Алматы қаласының денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық міндеттердің қатарында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, дәрігер қабылдауын күту мерзімдерін қысқарту, кадрларға қажеттілікті нақты жоспарлау, цифрлық шешімдерді енгізу және медициналық ұйымдарды басқару сапасын арттыру белгіленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу