Жүргізілген талдау барысында кәсіпорындардың қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру талаптарын толық орындамағаны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлерді өз қаражаты есебінен міндетті сақтандыруға міндетті.
Уәкілетті органдардың мәліметінше, биыл қалада өндірісте 28 жазатайым оқиға тіркелген. Прокуратураның қадағалау актісі нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар жойылып, жұмыс берушілер 3 мыңнан астам қызметкермен міндетті сақтандыру шарттарын жасасты. Заң талаптарын бұзған 17 кәсіпорын әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Сонымен қатар, облыс прокуратурасының ұсынуымен 600-ден астам педагогтің іссапар шығындары бойынша берешегі өтеліп, 65 тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Прокуратура еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырып, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр.