"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры 120 компаниясын сатты. Түскен табыс әзірге 17 млрд теңге. Ең үлкен келісім 5,25 млрд теңге "ҚазТеміртранс"-тың еншілес кәсіпорны "Астық-Транс"-пен жасалып отыр. Жалпы ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сәйкес, 2017-2020 жылдары елімізде 404 нысан жекешелендіруге қойылған. Бүгін үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов әзірге 259-ның активіне қатысты сату тәсілі нақты белгілі болғанын жеткізді.
Министрдің айтуынша, биыл ірілі-ұсағы бар 325 нысан саудаға қойылған. 30-ы республикалық, 177-сі коммуналды, 67-сі Ұлттық холдингтердің және 51-і әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың меншігі.
2018 жылы саудаға 61 ұйым қойылса, 2019-2020 жылдары "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі 18 компания жекешелендіру тізіміне алынған. Ал "Эйр Астана", "ҚазАтомөнеркәсіп", "Қазақтелеком", "ҚазМұнайГаз", "Қазпошта", "Самұрық-Энерго", "Қазақстан Темір жолы" және "Тау-Кен Самұрық" сынды 8 ірі актив IPО-ға шығарылуы тиіс.
Автор: Құралай Пионер.