17 жастағы азаматтарды әскери есепке қою автоматты түрде жүргізіледі

Өзгеріс 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізілмек.  

17 жастағы азаматтарды әскери есепке қою автоматты түрде  жүргізіледі Фото: Azattyq Ruhy

Қорғаныс министрлігі Президенттің "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралары туралы" Жарлығының ережелерін іске асыру аясында бірқатар өзгеріс енгізді. 

2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап пилоттық жоба аясында 17 жасар балаларды әскери есепке қою автоматты түрде  жүргізіледі.
Қорғаныс ведомствосының бастамасын Премьер-Министр, мүдделі мемлекеттік органдар, Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктері қолдады.
Оны іске асыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін модификациялау мен ықпалдастырудың арқасында мүмкін болды. Бұл еліміздің 16-60 жас аралығындағы азаматтарын әскери есепке алудың толық қамтылып жүргізілуіне мүмкіндік берді.

Қолданыстағы заңға сәйкес жыл сайын он жеті жасқа толатын ер азаматтарды тіркеу жүргізіледі. Мұндай процедура әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтай алады.

Осыған байланысты денсаулық сақтау ұйымдары бір айлық балалардан бастап 18 жасқа дейінгі балаларды кейіннен динамикалық бақылаумен және сауықтырумен профилактикалық медициналық тексерулерді жүзеге асырады. Бұл ретте жалпы практика дәрігерлері бейінді мамандардың қорытындысын және зертханалық-диагностикалық зерттеулерді ескере отырып, 15 пен 18 жас аралығында балалардың денсаулық жағдайына кешенді бағалау жүргізеді. Мұндай деректер Қорғаныс министрлігімен біріктірілген Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде көрсетіледі.

"Жыл сайын 120 мыңға жуық 17 жасар бала әскери есепке алынады. Қызметті автоматтандыру шақыру учаскелеріне тіркеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жыл сайын бөлінетін миллиард теңгеден аса бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үнемделген қаражат медициналық комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу, шалғайдағы ауылдық округтерден жастарды әскери комиссариаттарға алдыру, кеңсе тауарлары және т. б. қызметтерге жұмсалады", – деп хабарлады министрлік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу