17 жастағы қазақстандық инноватор Венадағы әлемдік форумда жүлде алды

156

Қазақстан Орталық Азия өңірінде GCIP бағдарламасына қосылған алғашқы мемлекет саналады. 

17 жастағы қазақстандық инноватор Венадағы әлемдік форумда жүлде алды Фото: СІМ

Қазақстандық HydroTech Atm стартапы Аустрияның Вена қаласында халықаралық байқау жүлдегері атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы (ЮНИДО) мен Аустрия Республикасының Федералдық еуропалық және халықаралық істер министрлігі бірлесіп ұйымдастырған Халықаралық Вена энергетика және климат форумы шеңберінде қазақстандық HydroTech Atm стартапы Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) халықаралық байқауының жүлдегері атанды.

Аталған жетістіктің айрықша маңызы HydroTech Atm жобасының негізгі қалаушысы және жетекшісі Дана Қадырбек GCIP бағдарламасының ең жас әрі жалғыз 17 жастағы қатысушысымен ерекшеленеді. Жас болуына қарамастан, Д. Қадырбек наноматериалдар негізінде атмосферадан таза ауыз су алуға арналған толықтай автономды құрылғыны әзірледі. Қазір аталған технология Қазақстанда пилоттық енгізу кезеңінен өтіп жатыр. Атап айтқанда, зертханалық сынақтар жүргізіліп, бейінді мемлекеттік органдармен және ғылыми ұйымдармен тиісті өзара іс-қимыл жолға қойылған.

Сонымен қатар, форум аясында Д. Қадырбек "Жасыл көшуді қамтамасыз ету: орнықты технологиялар мен инфрақұрылым" тақырыбындағы пленарлық сессияға спикер ретінде қатысып, халықаралық аудиторияға өз жобасын және оның негізгі артықшылықтарын таныстырды.

"HydroTech Atm жобасының халықаралық деңгейде мойындалуы қазақстандық жас инноваторлардың жоғары әлеуетін айқын көрсетеді. Бұл жетістік Қазақстанның су қауіпсіздігі, экология және климат салаларындағы жаһандық сын-қатерлерге жауап бере алатын заманауи әрі сұранысқа ие технологиялық шешімдерді ұсыну бағытындағы әлеуетін де растайды", – делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстан Орталық Азия өңірінде GCIP бағдарламасына қосылған алғашқы мемлекет саналады. 2025 жылғы желтоқсанда GCIP-Kazakhstan бағдарламасы шеңберінде климаттық стартаптардың ұлттық байқауы өткізілді. Оның қорытындысы бойынша HydroTech Atm, SpaceLab және Forest Hero стартаптары жүлдегер танылып, Вена қаласында өткен Cleantech Days 2026 жаһандық финалына қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу