2,5 млрд теңге жымқырды деген күдікті Вьетнамнан Қазақстанға жеткізілді

398

Күдікті халықаралық іздеуде болған.  

2,5 млрд теңге жымқырды деген күдікті Вьетнамнан Қазақстанға жеткізілді Фото: informburo.kz

Вьетнамнан Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығында мемлекеттік сатып алулар кезінде 2,5 млрд теңге бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023–2025 жылдарға арналған есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Тергеу мәліметінше, күдікті Сот сараптамалары орталығының бұрынғы директоры Сатыбалдиев Р.К., Мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Искендерова Д.Б. және "Марк Инвест" ЖШС мен "Direct Services" ЖШС басшысы Шинтемирова А.А.-мен алдын ала сөз байласқан.

Олар жабдықтардың бағасын үш есеге дейін негізсіз көтеріп, жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Сот үкімімен Сатыбалдиев Р.К., Искендерова Д.Б. және Шинтемирова А.А. кінәлі деп танылып, әрқайсысына мүлкін тәркілеумен қатар, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Ал қылмысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам 2025 жылғы наурызда халықаралық іздеуге жарияланған. Соттың санкциясымен оған сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Биыл жылдың басында күдікті Вьетнам аумағында ұсталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің, Интерполдың Ұлттық орталық бюросының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде ол Қазақстанға жеткізілді.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу