Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Куәгерлердің сөзінше, төбе опырылған уақытта асханада шамамен 8-9 адам болған. Абырой болғанда, келушілердің көбі сыртқа шығып үлгерген. Бір әйел жеңіл соққы алып, аздап жарақаттанған.
"Қазақстан темір жолы" компаниясының мәліметінше, оқыс оқиға вокзал аумағында орналасқан "Ертас" ЖШС қоғамдық тамақтану орнында таңғы сағат 05:35 шамасында тіркелген.
– Астана вокзалындағы медициналық пунктке қоғамдық тамақтану орнындағы 2 келуші жүгінген. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Олар жедел жәрдем бригадасын шақырудан бас тартқан. Оқиға бойынша вокзал бастығының кезекші орынбасары тиісті АКТ толтырды, – делінген компания таратқан хабарламада.
ҚТЖ өкілдері асхана орналасқан ғимарат ескі вокзал ғимаратының 2002 жылдан бері "Ертас" ЖШС-нің жеке меншігіне тиесілі бөлігінде екенін мәлім етті Жекеменшікке берілген нысанның жалпы аумағы 2371 шаршы метрді құрайды.
Компания бұл нысан ҚТЖ-ның технологиялық қызметінде пайдаланылмайтынын ескертті. Сол себепті, ұлттық тасымалдаушының оның жұмысына араласуға құқығы жоқ және оны күтіп-ұстауға да жауапты емес болып отыр.