Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет туристік саланы дамытуды жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Туризм саласында 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
Қазіргі таңда салада жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 жоба жүзеге асырылуда. Оларды кезең-кезеңімен іске қосу нәтижесінде 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылып, халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақүй кешені ашылады. 2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 32,6%-ға артты.

2025 жылы Қазақстанға 15,7 млн шетелдік азамат келді
Оның 11,1 млн-ы туристер санатына жатқызылды. Республика ішіндегі шетелдік қонақтардың шығындары $2,9 млрд-ты құрады. Оқиғалы туризмі қосымша драйвер болып саналады: 2026 жылға арналған 55 негізгі іс-шараның күнтізбесі құрылды. Ішкі туризм де тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ел ішінде саяхаттаған Қазақстан азаматтарының ағыны 2023 жылғы 7,1 млн адамнан 2025 жылы 8,7 млн адамға дейін өсті.

Орналастыру нысандарының саны 4,5 мыңнан асты
2023 жылы олардың саны 3 992 болса, 2025 жылы – 4 482-ге, ал 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4,5 мыңнан асты. Инвестициялық портфель аясында халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақүй кешенін ашу көзделген.
Курорттық аймақтардың көліктік қолжетімділігі кеңеюде
2026 жылы жол жөндеу жұмыстарымен 11 мың шақырым автомобиль жолы қамтылды. Олардың қатарында Рахман қайнарына, Кендірліге, Баянауылға, Зерендіге және Көлсайға баратын жолдар бар. Катонқарағайда, Зайсанда және Кендірліде жаңа әуежайлар салынуда. Жазғы маусымға аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылды.
Алматы тау кластерін жылына 5 млн турист қабылдайтын деңгейге дейін дамыту жоспарлануда
Жоба тау-шаңғы аймақтарын біріктіруді, 30 аспалы жол мен 161 шақырым трасса салуды көздейді. Сонымен қатар Маңғыстау және Щучинск-Бурабай курорттық аймақтарын дамыту жөніндегі кешенді жоспарлар жүзеге асырылуда.
2025 жылы ұлттық парктерге 3,7 млн адам келді
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ жұмыс істейді. 2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық табиғи парктерге кіру тегін болды.

Туризмді дамыту инвестицияларды тартуды, инфрақұрылымды жетілдіруді, көліктік қолжетімділікті арттыруды және саланы қолдаудың жаңа шараларын қамтиды. Бұл шаралар Қазақстанның туристік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ ішкі және келу туризмін дамытуға бағытталған.