Жамбыл облысында Қордай ауданының тұрғыны екі жылдан астам уақыт бойы жалақысыз қалған. Оның жұмыс берушісі 92,3 млн теңге қарыз болып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ер адам 2020 жылдың желтоқсан айында жергілікті компанияда күрделі құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне кіріскен. Жаңа жұмысында оған ай сайын 1 млн теңге еңбекақы уәде етілген. Алайда 2021 жылдың шілдесінен бастап 2023 жылдың маусымына дейін ол бір тиын да алмаған.
Компанияның бас директоры берешекті ресми түрде мойындағанымен, қызметкердің есепшотына ақша түспеген. Ақыры ол сотқа жүгінуге мәжбүр болды.
Қордай аудандық соты барлық дәлелдемелерді ескере отырып, талапкердің шағымын толық қанағаттандырды. Шешімге сәйкес, жұмыс беруші 92,3 млн теңге қарызды және 923 мың теңге мемлекеттік бажды төлеуге міндеттелді.