20 жаңа кен орны мемлекет меншігіне алынды

1267

Былтыр Қазақстанда 55,4 мың тонна уран өндірілген.

20 жаңа кен орны мемлекет меншігіне алынды

2020 жылы геология саласына 7,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған,  деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, 56 нысанда геологиялық барлау жүріп, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізілді, келешегі бар телімдердің қатары толыққан.

"20 кен орны алғаш рет мемлекеттік теңгерімге қойылды. Алдын ала деректер бойынша 7,5 млрд теңгеден астам инвестиция геологиялық салаға тартылды. Қарағандыда геохимиялық зертхана іске қосылды. Кен барлау жұмыстарының арқасында пайдалы қазбалар қоры өсті: алтын – 12,6 тонна, күміс – 96 тонна, мыс – 65 мың тонна, қорғасын – 968 мың тонна, мырыш – 1,1 млн тонна", - деді вице-министр ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде. 

Ол, сондай-ақ, 2020 жылы 111,5 тонна алтын, 55,4 мың тонна уран, 13,8 млн тонна темір кені және 31,7 млн тонна мұнай өндірілгенін атады. 

"Өткен жылы "Қазгеология" АҚ инвесторлармен бірлесіп жер қойнауын геологиялық зерттеу қорытындылары бойынша алтын өндіру бойынша түсті және асыл металдарға бай "Шекара", "Арго" перспективалы учаскелерін анықтады", - деді Серікқали Брекешев.

Вице-министр 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеу қолға алынғанын да еске салды. Ол құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық жоба болып қайта құрылмақ.

"Еуразия" жобасы бойынша жұмыстың қайта жандануы да жылдың нәтижесі ретінде аталды.

"Жобаның негізгі мақсаты – тереңдігі орталық бөлігінде 18-20 шақырымға жететін Каспий ойпатының тереңдік құрылысын зерттеу. 15 шақырымға дейінгі аса терең ұңғыманы бұрғылау геологиялық қиманы зерттеуге және көмірсутектерді іздестіруге қатысты бассейн әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді", - дейді вице-министр.

Серікқали Брекешевтің сөзіне сенсек, 2021 жылға 70 геолгиялық нысанда кен барлау және бағалау жоспарланған. Сондай-ақ, "ҚР минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі" ақпараттық жүйесін іске қосу, 2025 жылға дейін орталық және батыс өңірлерде қос кен сақтайтын қойма салу міндеті тұр

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу