Платформаның 24/7 режимінде жұмыс істейтін модерациясы Қауымдастық ережелерін бұзатын бейнеконтентті жояды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
10 ақпанда бүкіл әлем бойынша атап өтілетін Қауіпсіз интернет күніне орай платформа кезекті рет бүкіл әлемдегі және Қазақстандағы Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін жойылған контенттің көлемі туралы деректерді жариялады.
Платформа әлем бойынша қанша контентті жойды?
Қауымдастық ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі есепке сай, 2025 жылдың үшінші тоқсанында бүкіл әлем бойынша Қауымдастық ережелерін бұзуға байланысты:
– 200 миллионнан астам бейнеролик жойылды.
– Бейнеконтенттің 99,3%-ы алдын ала, яғни оған әлдебіреу шағымданбас бұрын жойылды.
– Роликтердің 94,8%-ы жарияланғаннан кейін 24 сағатта жойылды.
LIVE-трансляциялардың қауіпсіздігі қалай бақыланады?
– TikTok LIVE трансляциялары бүкіл әлемде күннен-күнге танымал бола түсуде, бұл контент авторларына аудиториямен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді және платформа осы форматтағы қауымдастық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Осылайша, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін бүкіл әлем бойынша бұғатталған LIVE-трансляцияларының саны 32 миллионнан асты, – делінген ресми хабарламада.
Өткен тоқсаннан бастап TikTok сондай-ақ тікелей эфирлерді Монетизациялау ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету шаралары туралы деректерді жариялай бастады. Бұл шаралар платформа талаптарына сәйкес келмейтін контенттің монетизациялануын болдырмауға бағытталған. Алдымен авторларға олардың контентінің ережелерге қайшы келуі мүмкін екенін түсінуге және түзетулер енгізуге мүмкіндік беретін ескертулер жіберіледі. Егер бұзушылықтар жалғаса берсе, TikTok автордың тікелей эфирлердегі монетизация функциясына қолжетімділігін шектей алады.
Осылайша, 2025 жылдың екінші тоқсанында TikTok монетизация ережелерін бұзған 2 321 813 тікелей трансляция мен 1 040 356 стримерге қатысты ескертулер беру және монетизацияны шектеу шараларын қолданды. 2025 жылдың үшінші тоқсанында шаралар қолданылған тікелей эфирлер саны екінші тоқсанмен салыстырғанда 69%-ға өсті және 3 914 684 трансляцияны құрады, ал шектеулерге ұшыраған аккаунттар саны екі есе өсіп, саны 2 107 177 аккаунтқа жетті. Бұл платформаның тікелей эфирлерге қатысты қауіпсіздікке деген тұрақты назарының жоғары екенін көрсетеді.
Платформа Қазақстанда қанша контентті жойды?
2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда:
• 1 567 613 бейнеролик Қауымдастық ережелерін бұзу себебінен жойылды.
• Роликтердің жалпы санының 99,7%-ы платформа тарапынан алдын ала, яғни оларға әлдебіреу шағымданбас бұрын жойылды.
• Роликтердің 94,8%-ы жарияланғаннан кейін 24 сағат аралығында жойылды, бұл әлемдегі орташа көрсеткіштерден жоғары.
2025 жылдың екінші тоқсанында платформа Қазақстанда 1,4 миллионнан астам бейнероликті жойған еді.