Елдегі 200 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы "Отбасы банктің" тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Әшімов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты krisha.kz-ке сілтеме жасап.
14 қыркүйектен бастап банк кезекте тұрғандардың дербес деректерін өңдеуге келісімінсіз-ақ түгендеу жүргізу құқығына ие болды.
"Жеңілдетілген бағдарламалардың талаптарына сәйкес келмегендіктен, шамамен 200 мың азамат есептен шығарылуы мүмкін. Қазір біз бұл мәліметтерді талдап жатырмыз. Негізгі себептер – азаматтардың меншігінде баспананың болуы немесе ҚР азаматтығынан айырылуы. Табыс көлемінің есептен шығаруға әсері жоқ", – деп түсіндірді Азат Әшімов.
Заңға сәйкес, адамды есептен шығармас бұрын 10 күн бұрын ескерту жіберілуі тиіс. Оның осы уақыт ішінде қосымша құжаттарды ұсынуға мүмкіндігі бар.
Басылымның жазуынша, бүгінгі таңда 1,089 млн қазақстандық баспана кезегінде тұр.